Соңғы күндері халықаралық саясаттағы басты тақырыптардың бірі АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қарата айтқан «қағаз жолбарыс» деген сөзіне Владимир Путиннің жауабы болды. Әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазған бұл пікірталас Ресейдің Украинадағы соғысына, оның әскери қуатына және НАТО-мен арадағы тартысына қатысты жаңа бір саяси символикаға айналғандай…
«Қағаз жолбарыс» тарихта Қытайдың саяси риторикасында жиі қолданылған тіркес. Мағынасы – сыртынан айбарлы көрінгенімен, ішкі күші әлсіз мемлекет немесе құрылым дегенге саяды. Трамп дәл осыны Ресейге қатысты айтып, оның Украинадағы соғысын «мақсатсыз» әрі «ұзаққа созылған» әрекет деп бағалады.
Путиннің жауабы көп күттірмей «Валдай» халықаралық пікірталас клубында айтылды. Ол НАТО-ға қарсы соғысып жатқан елді «қағаз жолбарыс» деу қисынсыз екенін меңзеді.
– Егер біз бүкіл НАТО блогымен қақтығысып, әлі де алға жылжып, өзімізді сенімді ұстап отырсақ, онда Ресейді қағаз жолбарыс десек, НАТО-ның өзі не болды? – деді ол.
Кремль басшысы осы сөзі арқылы Ресейдің қазір де стратегиялық бастаманы өз қолында ұстап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, майдан шебіндегі жағдай Ресейдің әлі де әскери күшін сақтап отырғанын көрсетеді.
Трамптың бұл сөзі кездейсоқ емес. АҚШ-та алдағы президенттік сайлау алдында ішкі саясаттағы пікірталастарда Украинадағы соғыс басты тақырыптардың бірі болары сөзсіз.
Трамп өз мәлімдемесімен қазіргі әкімшіліктің әскери және қаржылай қолдау саясатын сынап, Ресейдің шынында әлсірегенін көрсетуге тырысуда. Оның «қағаз жолбарыс» сөзі АҚШ-тың одақтастарын да ойландыратыны сөзсіз. Себебі бұл тіркес Ресейдің әскери қуатына күмән тудырумен қатар, НАТО-ның өз беделін де салыстыруға мәжбүр етеді.
Кремль өкілдері де бұл мәлімдемеге үн қатты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков:
– Ресейді қағаз жолбарыс деу қисынсыз, біз жолбарыс емеспіз, біз – аюмыз. Ал қағаздан жасалған аю болмайды, – деді. Бұл жауап та Мәскеудің өзін әлі де айбарлы күш ретінде көрсетуге тырысқанын аңғартады.
Әлемдік саясаттағы мұндай сөз қақтығыстардың артында үлкен стратегиялық есеп бар. Ресей өзінің әскери қуатын қорғап қалуға тырысса, АҚШ саясаткерлері, әсіресе Трамп, Ресейдің ұзақ соғыста әлсірегенін көрсету арқылы өз ұстанымын нығайтуды көздейді.