Жаз мезгілінде Назарбаев университетінің жатақханасында екі бірдей студент өз-өзіне қол салған, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында аталған қайғылы жағдайларға қатысты тергеу әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір кешенді сот-психологиялық әрі психиатриялық сараптама жасалып жатыр.
«Назарбаев Университетіндегі суицид фактілері біздің бақылауымызда. Қазіргі кезде кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама жүріп жатыр. Мұндай сараптаманың қорытындысын күту біршама уақыт алуы мүмкін. Әдетте екі айға созылады. Қазанның соңына дейін нақты нәтижесі дайын болады. Осындай істер бойынша күдікті саналатын адамдар болмайды», – деді министр орынбасары.
Алғашқы оқиға 18 маусымда тіркелген. Университет жатақханасынан студент қыздың мәйіті табылған еді. Расталмаған деректерге қарағанда, оның суицидке баруына оқудағы мәселелер себеп болған.
Ал екінші қайғылы жағдай тамыз айында қайталанған. Осы жатақханада тұратын 22 жастағы тағы бір студент өмірімен қош айтысқан.
Қайғылы оқиғалардан кейін университет әкімшілігі студенттерге психологиялық қолдау көрсеткен.