Президент Тоқаев Республика күніне арналған сөзінде алдағы уақытта Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілетінін хабарлап, Қазақстан үшін мықты президенттік билікті сақтау қажеттігін ерекше атап өтті, деп жазады Ertenmedia.
Мемлекет басшысы сөзін Қазақстанның өткен тарихынан сабақ алу қажеттігінен бастады.
«Осыдан 35 жыл бұрын еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданды. Ел тарихының әр кезеңінде өз қолтаңбасын қалдырған барша мемлекеттік қайраткерлер мен азаматтарға алғыс білдіреміз. Әрине, ешбір жұмыс кемшіліксіз болмайды. Біздің міндет өткеннен сабақ алып, өзгенің жетегіне ермей, өз жолымызбен жүру», – деді президент.
Ол соңғы жылдағы жаһандық дағдарыстар Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті. Қаңтар оқиғасынан кейін ел ішінде басталған реформа әлемдегі күрделі кезеңмен тұспа-тұс келген.
«Пандемия, әлемдік державалар арасындағы санкциялық текетірес, дәстүрлі сауда жолының бұзылуы, түрлі қақтығыс мен соғыс әлемдегі барлық елдің дамуын айтарлықтай тежеді. Дегенмен біз уақытылы әрі нақты шараларды қолға алдық. Мемлекет басшысы ретіндегі азаматтық міндетім еліміздің аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін және экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Осындай қиын кезеңде де Қазақстан тұрақты дамып, барлық елмен достық қарым-қатынасты сақтап отыр», – деді Тоқаев.
Президент бұған дейін Парламент реформасы қолға алынатынын айтқан болатын.
Бүгінгі сөзінде ол Ата заңға енгізілетін өзгеріс тек Парламентті ғана емес, сонымен қатар президент, үкімет және басқа да саяси институттардың құзыретін қамтитынын жеткізді.
«Бір нәрсені анық айтуым қажет. Қазақстан мықты президенттік билігі бар мемлекет болып қала беруі тиіс. Бұл әлемде парламенттік басқару жүйесі қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан тиімді болмай тұрған шақта, еліміздің сенімді болашағын қамтамасыз етудің кепілі. Біз мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіре алмаймыз. Кейбір сарапшылардың үстірт пікіріне көзсіз еріп кетпеуіміз керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта жүзеге асатын салық реформасына да тоқталды. Ол арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпорындардың бұрынғы шарты сақталатынын айтып, үкімет бизнес өкілдерімен диалогты жалғастыратынын жеткізді.
«Жаңа салық реформасы бизнестің тынысын тарылтып жібермеуі үшін үкімет кәсіпкерлермен ашық диалогты үзбеуі тиіс», – деді президент.
Сөз соңында Тоқаев қоғамды бірлік пен өзара құрметке шақырды. Ол өркениетті қоғамда біреудің еңбегін жоққа шығару мен пікірін келемеждеуге орын жоқ екенін айтты. Президенттің пікірінше, әлемжелідегі дау-жанжал қоғамды іштен ірітіп жатқан өте қауіпті құбылысқа айналып барады.

