2025 жылғы 27 мамырда Қарағанды қаласында QAZPROPERTY коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының қатысушылары қауымдастығының ұйымдастыруымен іскерлік кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Ассоциацияның даму келешегі мен Қарағанды облысының бизнес-қоғамдастығымен диалогты нығайту мәселелері болды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Іс-шараға «Атамекен» ҰКП өңірлік палатасының өкілдері, девелоперлер, коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарының иелері мен басқарушылары, сондай-ақ QAZPROPERTY қауымдастығының мүшелері мен серіктестері қатысты.
Қатысушылар коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе өңірлік ерекшеліктер, жаһандық үрдістер және тұрақты әрі кәсіби саланы қалыптастырудағы Ассоциацияның стратегиялық рөлі сөз болды. Сонымен қатар заңнамалық реттеу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және саланың мүдделерін ұлттық деңгейде ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында Халықаралық коммерциялық жылжымайтын мүлік конгресіне дайындық барысы мен шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың жаңа форматтары да талқыланды. Бұдан бөлек, қатысушылар жылжымайтын мүлік саласындағы жұмысшы мамандықтарды дамыту және олардың жастар арасындағы тартымдылығын арттыру шараларын сөз етті.
Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен және қатысушылардың тәжірибе алмасып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына мүмкіндік берген бейресми нетворкингпен аяқталды.
QAZPROPERTY қауымдастығы мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмысын жалғастырып, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге белсенді атсалысып келеді. Сонымен қатар кәсіби стандарттар мен білім беру бастамаларын енгізу арқылы ашық, тұрақты және бәсекеге қабілетті саланы қалыптастыруға үлес қосып отыр.
Аймақтық диалогты жалғастыру аясында Ассоциация еліміздің өзге де өңірлерінде осындай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Жақын уақытта Қостанай облысында жергілікті бизнес-қоғамдастықпен жүздесу көзделуде.