Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Шашубай ауылында 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы жасөспірімнің киімін өртеп жіберген деген ақпарат тарады. Салдарынан жасөспірім ауыр күйік алған, — деп хабарлайды ErtenMedia Stan.kz-ке сілтеп.
Жәбірленуші баланың анасының айтуынша, оқыс жағдай үй ауласында болған. Жасөспірімнің жанында өзімен қатар тағы үш бала болған. Арасындағы үлкені бензинді иіскеп көруді ұсынғанда бензин зардап шеккен баланың шалбарына төгіліп кеткен. Сөйтіп 16 жастағы жасөспірім бензин үшін өтемақы ретінде 4500 теңге сұраған.
«Зардап шеккен Нұрсұлтан өзінде ондай ақша жоғын айтқанда жасөспірім оның киіміне өрт қойған», — деп жазылған басылым мәліметінде.
Нұрсұлтан шалбарды шешуге тырысқанымен жанармай сіңген мата теріге жабысып қалған.
“16 жастағы бала жедел жәрдем де шақырмаған, не жақындарынан көмек те сұрамаған. Ол жай ғана үйіне барып, шалбар алып келіп, кисін деп ұлыма берген. Ол болған жағдай туралы ешкімге айтпауды талап еткен”, – дейді Нұрсұлтанның анасы.
Аяғын күйік шалған Нұрсұлтан Балқаш ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер оған орта дәрежедегі күйік деген диагноз қойды. Оның анасы бұл іс жабылып қала ма деп қорқады.
Қарағанды облысының Полиция департаменті 18 қыркүйекте қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің аты-жөні анықталып, одан жауап алынғанын мәлімдеді.
“Күдіктінің жасына байланысты міндетті кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалды. Қорытындыны алғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады. Тергеу Қарағанды облысының Полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – деп жазылған хабарламада.