Соңғы бірнеше күнде еліміздің әр аймағында ірі жол апаттары тіркеліп, салдарынан ондаған адам қаза тапты деп хабарлайды Ertenmedia.
11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, 10 адам көз жұмған. Ал 14 қыркүйекте Жетісу облысында үш автокөлік бетпе-бет соқтығысып, тағы 10 адам қаза болды. Осы күні Қарағанды облысында болған жол апатынан бес адам мерт болды.
Ішкі істер министрлігі марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, барлық оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір тергеу жұмысы басталып кеткен.
«Бұл жай ғана жол-көлік оқиғасы емес, орны толмас қаза. Жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневрлер жасау және қауіпсіздік белдігін тақпау өлімге әкелетін негізгі факторлар», – деді полиция өкілдері жүргізушілерге жасаған мәлімдемесінде.
Жақын уақытта құқық қорғау органдары ауқымды рейдтер мен тексерістерді қолға алмақ. Техникалық ақауы бар көліктер, қалааралық рейстер мен жолаушы тасымалдайтын жеке көліктер ерекше бақылауға алынады.