Қарағанды облысында теміржолдағы жанармай ұрлығы жаппай етек жайған.
Ащысу станциясын төңіректеген қылмыстық топ бірнеше ай бойы жүк вагондарынан дизель отынын ұрлап келген деп хабарлайды Ertenmedia.
Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК-ның бірлескен операциясы нәтижесінде ұрлықтың 28 дерегі әшкереленіп, 17 күдікті қолға түсті.
Тінту барысында қылмыстық топтың қоймасынан жарты тоннаға жуық дизель отыны, бос канистрлермен қатар, заңсыз қару-жарақ пен есірткі тәркіленген.
Тіпті, қылмыскерлерден табылған қарудың бірі 2017 жылдан бері Ресейдің ішкі істер органында жоғалған ретінде тіркелген.
«Жалпы саны 14 тінту жұмысы жүргізілді. Қоймалардан қарумен бірге 26 оқ-дәрі, жеті ұялы телефон және есірткі заттары табылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қазіргі таңда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетелік, биылғы жылдың 11 мамырынан бастап Қазақстанда бензин, дизель және экологиялық отынға жаңа акциз мөлшерлемелері күшіне енді.