Қазақстанда халықтың қарызға батуын тежеу мақсатында бірқатар жаңа ереже енгізілді. Соның арқасында берешек көлемі айтарлықтай азаған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, 2024 жылы қабылданған заң бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың несиесін коллекторларға сатуы 2026 жылдың мамырына дейін тоқтатылған.
Осы шара енгізілгеннен кейін, коллекторлық агенттіктердегі проблемалы қарыз алушылар саны 35 пайызға азайып, 395 мың адамға дейін кеміді. Ал жалпы қарыз сомасы 27,6 пайызға төмендеп, 284 млрд теңге болды.
Микроқаржы ұйымдарында берешегі барлар саны да 22 пайызға, ал олардың жалпы қарызы 15 пайызға азайды.
Дегенмен мораторийдің әсерінен банк саласындағы проблемалы қарыз алушылар саны керісінше 7,6 пайызға өсіп, 596 мың адамға жеткен.
Бұдан бөлек…
Сондай-ақ, осы заң бойынша несие төлемін 90 күннен артық кешіктіргендерге тұтынушылық несие беруге тыйым салынды. Ал биылдан бастап банктер үшін төлемді 30 күннен, микроқаржы ұйымдары үшін бір күннен артық кешіктірген азаматтардың несие алуы шектелген.
Қаржы реттеушісі тұтынушылық несиенің максималды көлемін белгіледі. Оған қоса, кепілсіз несиелерді беру мерзімі бес жылдан аспауы тиіс. Мұның нәтижесінде кепілсіз несие беру қарқыны да бәсеңдеп отыр.
Мысалы, 2023–2024 жылдары 27–29 пайызға жеткен несие өсімі, 2025 жылдың 10 айында 13 пайызға дейін төмендеген.
Алдағы 2026 жылдан бастап Қазақстан банктердегі тұтынушылардың құқығын қорғаудың жаңа тәртібіне көшеді. Бұл жүйе «мінез-құлықтық қадағалау» деп аталады. Онда банктер азаматтардың құқығын қорғауға жауапты болады.
Тағы бір тың жаңалық
Тағы бір жаңалық жеке қаржылық омбудсмен институтының құрылуы. Оның міндеті қазақтардың банк пен несие ұйымдарына қатысты шағымдарын тәуелсіз әрі әділ қарау.
Сондай-ақ, бірнеше несие берушіге ұзақ уақыт бойы қарыз болып қалған азаматтарға көмектесудің ұжымдық механизмі іске қосылмақ. Бұл мәселе де қаржылық омбудсмен арқылы шешіледі.
Реттеушінің хабарлауынша, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін жеңілдету бойынша да жаңа қадам жасалады. Қаржы министрлігімен бірлесіп, проактивті соттан тыс банкроттық тәртібін енгізу жоспарланған. Яғни, несие ұйымдары бес жылдан аса мерзімі өткен қарызы бар азаматтарға хабарлама жіберіп, олардың келісімін алса, банкроттық процедурасы автоматты түрде басталады. Бұл рәсімнің мерзімі де 6 айдан 1 айға дейін қысқартылады.
Айта кетейік, бұған дейін Халық банк төрағасы Бектенов үкіметіне дат айтып, өкпе-ренішін жеткізген болатын. Үміт Шаяхметова банктерді орынсыз сынап, популистік мәлімдеме жасайтын кейбір депутатқа көңілі толмай отыр.

