Қазақстанда банк секторына мемлекеттік қолдаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Енді ірі банктерді бюджет есебінен құтқару ең соңғы әрі ерекше жағдайда ғана іске асырылатын шара болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы Алматыда өткен дөңгелек үстелде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев айтты.
Оның сөзінше, мемлекет банктердің міндеттемесін орындауына араласқанда ең алдымен акционерлер мен кредиторлар жауапкершілігі қарастырылады. Жаңа заң жобасының 94-бабы бойынша, мемлекеттік қолдау банктің қаржылық тұрақтылығына қауіп төніп, өзге жеке ресурстары таусылған кезде ғана қолданылады.
«Мемлекеттің араласуы ақырғы қадам, банк жүйесінің тұрақтылығына нақты қауіп төніп, басқа тетіктер нәтиже бермеген кезде ғана мүмкін болады. Мұндағы мақсаты жүйелік маңызы бар банктің негізгі қызметін сақтап, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Мемлекеттік қолдау тек шектеулі уақытқа ғана беріледі», – деп атап өтті Сәлімбаев.
Енді акционерлер мен кредиторлар банктің шығынын алдымен өздері жабуы тиіс. Тәуелсіз бағалау кезінде кредиторлардың шығыны банк жойылған кездегі болжамды шығыннан асып кетсе, ол айырмашылық өтеледі. Бұл қаражат арнайы реттеу қоры есебінен төленеді. Қорға түсетін жарналардың мөлшері банктердің жалпы міндеттемелерінің 0,2%-нан аспайды.
Бұған дейінгі дағдарыс кезінде жиі қолданылған «субординацияланған облигацияларды» шығару немесе жеңілдетілген бюджеттік несие сияқты мемлекеттік көмектің ескі тәсілдері толығымен жойылады.
«Бұдан былай мемлекет банкті бұрынғы әдіспен құтқармайды. Енді қолдау көрсетілген жағдайда банктің меншік иелері мен басшылығы толық ауысады, дивиденд пен бонустарға тыйым салынып, операциялық қызмет шектеледі. Бұның мақсаты нашар менеджментке жол беріп, кейін мемлекеттің көмегіне сенгендерді тәртіпке шақыру», – дейді Дәурен Сәлімбаев.
Жаңа тәртіп бойынша, мемлекет банктерге нақты шығынды өтеу қағидасымен ғана араласады. Әрбір банк жүйеге жеке қатысады, ортақ қор құрылмайды. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілі бұл реформа нарық қатысушыларын тәртіпке келтіріп, банк жүйесін тұрақтандыратынын айтты.
«Жаңа механизм моральдық тәуекелдерді азайтып, банк секторындағы тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді», – деді Сәлімбаев.