Қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан астаналық Qazaq coffee кофеханасы қоғам сынына шыдамай, жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жақында елорда тұрғыны аталған мекемеге барып, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсете алмайтынын байқаған. Ол өз наразылығын кофехананың 2GIS қосымшасындағы парақшасына: «Қазақ тіліндегі мәзір жоқ» деп қалдырған еді.
Клиенттің шағымына кофехана әкімшілігі мемлекеттік тілді меңгеруді қызметкерлерінен талап етпейтінін айтып, мәселені ушықтырып жіберген.
«Менің қызметкерлерім қазақша білуге міндетті емес. Қазақстанда еш жерде қазақ тілі толық қолданылмайды. Құжаттар да жартылай орыс тілінде жүргізіледі», – деген кофехана басшылығы бұл жауабын орысша жазған.
Мекеменің әрекеті әлемжеліде қызу талқыланып, қоғам наразылығын тудырды. Qazaq coffee парақшасында бұған дейін 5 балдан 4,8 балмен үздік болып тұрған кофеханаға 15 мыңға жуық адам бірден ең төменгі «1» деген баға қойып, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етті.
Қоғам наразылығының нәтижесінде қазір кофехана жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір мекеменің 2GIS парақшасында «уақытша жұмыс істемейді» деген жазу пайда болған.
Айтқандай, орыстілді қауым Қайрат Нұртастың қамауға алынуын қызу талқылап, әншіні келемеждеп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

