Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанмен арадағы ерекше одақтастық қарым-қатынасты тағы да атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі.
— Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз ерекше. Бұл – айқын дүние, бәрі мұны жақсы түсінеді. Бұл – сөздің тура мағынасындағы одақтастық қарым-қатынас. Ортақ тарихымыз, бір мемлекет құрамында бірге өмір сүрген кезеңіміз, адамдар арасындағы тұлғалық және гуманитарлық байланыстардың көптігі – мұның бәрі ерекше маңызды, – деді В. Путин Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында ірі халықаралық ақпарат агенттіктері жетекшілерімен кездесуі барысында.
Ол Қазақстан ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты негізгі интеграциялық алаңдардың мүшесі екенін атап өтіп, бұл екіжақты байланыстарды нығайтуға жол ашатынын айтты.
— Бұл біздің ең маңызды бағыттағы өзара іс-қимылымызды дамытуға мүмкіндік туғызады. Ресей мен Қазақстан арасында әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бар. Бұл да маңызды жайт. Осы тұрғыдан да қарым-қатынасымызды дамытатын боламыз, – деп атап өтті Ресей басшысы.
Владимир Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық көріп тұрмағанын ерекше айтты.
— Тағы да атап айтқым келеді: Қазақстан – бізге ең жақын мемлекеттердің бірі. Бұл – біздің одақтасымыз. Қарым-қатынасымызды дамытуда ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын, ешқандай, – деді ол.
Ресей президенті Мәскеу мен Астананың жаңа ынтымақтастық бағыттарын іздеуді жалғастыратынын да мәлімдеді.
— Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі кездесіп тұрамыз. Ол бізге келеді, мен де Қазақстанға үлкен ризашылықпен барамын. Үкіметтер, министрліктер, оның ішінде Сыртқы істер министрліктері деңгейінде де консультациялар мен байланыс үздіксіз жүріп жатыр, – деді В. Путин.
Сонымен қатар ол Ресейдің Қазақстанмен энергетикалық әріптестікті кеңейтіп, үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығуға ниетті екенін атап өтті.
Бұған дейін осы кездесуде В. Путин Иран мен Израиль арасындағы қақтығысты шешудің ықтимал жолдары туралы да пікір білдірген болатын.