Конституциялық реформаның түйткілдерін талқылаған Мәжіліс жиынанда депутат Бапи елге үндеу жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, көпшілік өзгерістің ауқымын толық бағалай алмай отыр. Әлемжеліде көбіне эмоцияға негізделген, сыңаржақ сындар жиі айтылады.
«Назарбаев дәуірінде тұншыққан демократия енді ғана тыныс алды. Соның нәтижесінде конституциялық реформалар жасауға, саяси жүйені жаңартуға мүмкіндік туды. Осының астарын түсінбей, құр сынай беру өзіміз аңсаған демократияға жасалған қиянат», – деді ол.
Жаңа Конституция жобасына қатысты ең өткір талас тіл мәселесі төңірегінде болып отыр. Депутат тіл мәселесінде халық көзқарасын толық түсінетінін, бұл тақырыпты жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайтынын айтты.
Дегенмен, бір гәп бар…
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескеріп, тіл мәселесін байыппен шешкен жөн.
«Әлем қырық құбылып тұрған тұста, қатқыл халықаралық қарым-қатынас жағдайында қазақ тілі мәселесін қарсылық пен текетірестің қаруына айналдыру үлкен қауіп. Тілімізді өзгеге өктемдікпен таңу емес, парасатпен насихаттап, біртіндеп орнықтыру бүгінгі күннің ақылға қонымды саясаты болмақ», — деді Бапи осы тұста.
«Басқа пәле тілден» деген ескі тәмсілді еске салған мәжілісмен ұлттық мүддені желеу етіп, жұртты жікке бөлетін жалған ұранға ермеуге шақырды. «Елді дүрліктіріп, әлемжеліні шулатып жүргендер шын мәнінде елдің болашағын ойламайды», – деді депутат.
Экс-президент һәм қазіргі президент
Пікірінше, қоғамда пайда болған қатерлі қауесеттің бірі Конституция жобасының 48-бабы. Осы бапта президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты конституциялық кепілдік берілген. Үшінші тармақта «Бұл баптың ережелері экс-президентке де қолданылады» деген сөз қоғамды алаңдатып, «экс-президенттің отбасы билікке қайта келуі мүмкін» деген күдік тудырып отыр.
«Шын мәнінде, экс-президент түгіл, қазіргі президенттің отбасы мүшеcі мен жақын туыстарының мемлекеттік қызметке келуіне заңмен нақты шектеу қойылған. Бұл 2022 жылы 8 маусымда қабылданған Конституциялық заңмен бекітілген факт», – деді ол.
Депутат елге беделді қауымға да үн қатты. Айтуынша, аға буын қоғамды қопаңдатудан бұрын, төңірегіндегі жұртшылықты сабырға шақырғаны жөн.
«Әлем картасын бөліске сала бастаған қатерлі заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы ахуалды бағалай алмаған саяси көрсоқырлық бізді құзға құлатуы мүмкін. Әлдебіреулер тағы да фронт ашамыз деп бізге сес көрсетіп жүргенін ұмытпайық. Осындайда халықты қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына ішің ашиды. Конституцияның жаңа жобасы сыртқы қатерге төтеп беріп, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауды көздейді. Мемлекеттік мүдде жолында жеке беделімді құрбан етуге дайынмын», – деп түйіндеді Бапи сөзін.
Айта кетелік, бұған дейін мемкеңесші Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесі шайқалмасын айтып, қазақтілді қауымға кепілдік берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

