Трамп әкімшілігі Қазақстандағы вольфрам қорына әмерикалық компанияны кіргізіп, Бейжіңнің алдын ораудың амалын жасауда, деп жазады Ertenmedia
АҚШ-тың Сауда министрлігі Cove Kaz Capital Group компаниясы мен Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы келіссөзді құптап отыр.
Мақсат елдегі ең ірі вольфрам кен орындары «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпарды» игеруге құқық алу.
Уашингтон жобадан үлес сұрамайды, керісінше инвестиция тартуға және жеңілдетілген несие ұсынуға дайын екенін жеткізген.
Bloomberg мәліметінше, әмірикалық Cove Kaz-дың басты бәсекелесі Қытай. Әзір әлемдегі вольфрам нарығын басыбүтін Қытай бақылап отыр. Бейжің компаниялары кен өндіруден бастап өңдеу және экспорттауға дейінгі бүкіл тізбекті уысында ұстауда.
Еліміздегі вольфрам қоры 2 млн тоннадан асып жығылады екен, олардың нарықтық құны бірнеше миллиард долларға тең.
«Астананың жаһандық вольфрам нарығындағы басты ойыншыға айналатын мүмкіндігі бар», — дейді осы тұста Bloomberg .
Сала мамандарының айтуынша, еліміздегі вольфрам өндіру, игеру жұмысы 90-шы жылдардың елең-алаңында толық тұралап қалған. Қараусыз қалған кеніштерді қайта «тірілту» тек 2021 жылдан бастап жандана бастаған.
Былтыр Алматы облысында жылына 3,3 млн тонна кен өңдейтін зауыт іске қосылғаны белгілі.
Әмірикалық Cove Kaz осыдан екі жыл бұрын «Қазгеология» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрып, Қостанайдың қойнауындағы сирек метал мен пайдалы қазбаларды барлауға кіріскен болатын.
Ertenmedia анықтамасы
Вольфрам қорғаныс өнеркәсібінің басты шикізаты. Әсіресе, зымыран, танк снарядтары мен оқ-дәрі өндірісінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар медицина құралдарын, рентген аппараттарын, жарық шамдары мен жарылысқа төзімді жабдықтарды жасауда таптырмас шикізат саналады.
Вольфрам ыстыққа өте төзімді металл. Оның балқу температурасы шамамен 3422 градус Цельсий, бұл күн бетіндегі температурадан да жоғары. Сондықтан зымыран қозғалтқышының кейбір бөлшектері тек осы металлдан жасалады. Вольфрамсыз ғарышты игеру мүмкін емес.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

