Ірі зауыттардағы ұрлық схемалары әшкереленді. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Павлодар облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Алюминий зауыты аумағынан металл ұрлау схемасын анықтады. Қылмыс жасады деген күдікке кәсіпорын қызметкерлері ілінді. Олардың заңсыз әрекеті жедел іс-шаралар нәтижесінде анықталған.
Күдіктілер металдың кезекті партиясын ұрлау кезінде қылмыс үстінде ұсталған. Олардың іс-әрекеттерінен кәсіпорынға 30 млн теңге сомасында шығын келген.
Қылмыстық іс ұрлықтың бірнеше эпизоды бойынша тергеліп жатыр.
Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, кәсіпорын жұмыскерлерінен құралған екі топты ұстады. Олар тауар-материал заттарды ұрлау схемасын ұйымдастырған.
«Бірінші жағдайда топ мүшелерінің бірі — учаске бастығы. Олар 16 млн теңгеден аса сомаға кәсіпорын мүлкін ұрлаған.
Екінші топта қылмыстарды жасауға корпорация басқармаларының бірінің басшысы қатысқан. Олар ұрланған заттарды кәсіпорын аумағынан құжаттарды қолдан жасау арқылы шығарып отырған. Бұл деректер бойынша дәлелдер жиналды. Барлық күдікті ұсталды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Соталды тергеп-тексеру адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған ұрлық деректері бойынша жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек ІІМ мәліметінше, Qarmet АҚ-дан мүлік ұрлағаны үшін 2023 жылы ұсталған топтардың бірінің мүшелері ұзақ мерзімге сотталған. Осы кәсіпорында ұрлық жасаған басқа да екі ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталған.
«Қылмыстық істер сотқа жіберілді. Ірі өнеркәсіп нысандарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың криминалдық әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі жұмыс Ішкі істер министрлігінің бақылауында», – деді ІІМ өкілі.