Қазақстан мен Катар арасында еңбек көші-қоны туралы келісім бекітілді. Енді қазақтар бұл елде заңды түрде жұмыс істеп, қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжат еңбек мигранттарының келісімшарт жасасуы, виза алуы және елге оралуына дейінгі барлық кезеңдерді реттейді.
«Бұл Парсы шығанағы елдерімен жасалған алғашқы келісім. Оның негізгі мақсаты еңбек мигранттарының құқықтарының бұзылу қаупін және олардың мәртебесінің белгісіздігін болдырмау.
Бүгінде көптеген қазақстандықтар шетелде табыс табуға ұмтылады. Алайда олар құқық бұзушылықтармен, құқықтық мәртебенің белгісіздігімен, сондай-ақ елге қайтар кездегі қиындықтармен жиі бетпе-бет келеді.
Бұл келісім осындай қатерлерді болдырмайды», – деді Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин пленарлық отырыста.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстан бұған дейін де осындай келісімдерді бірнеше елмен жасасқан. Оның ішінде Вьетнам, Чехия, Жапония және Словакия бар. Ал Ұлыбританиямен өзара түсіністік меморандумы жұмыс істеп тұр.
«Түркиямен де екіжақты келісімге қол қоюға тырыстық. Бірақ Анкара бұл ұсынысты қолдамай, келісімді тікелей Түркі мемлекеттері ұйымының шеңберінде жасауды ұсынып отыр», – деді министр.
Шетелде жұмыс істегісі келетіндер migration.enbek.kz порталынан толық ақпарат ала алады. Онда таңдалған елдің еңбек заңнамасы мен азаматтардың құқықтарын қорғау туралы мәліметтер жарияланған.