Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Әзербайжан экономика министрі Микаил Жаббаровпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетика және құрылыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен болашағын талқылады деп хабарлайды Ertenmedia.
Кездесуде Қазақстан тарапы күтпеген әрі тың ұсыныс жасады.
Елші Әлім Байел Әзербайжанға Алакөл жағасында заманауи санаторий-курорт кешенін бірлесіп салуды ұсынды. Министр Жаббаров ұсынысты қуана қолдап, жобаның егжей-тегжейін талқылауға әзір екенін білдірді.
Жалпы, екі елдің экономикалық байланысы соңғы уақытта жаңа деңгейге көтерілген.
Әлім Байелдің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында тауар айналымы 20 пайызға артқан. Қазақстан 2025 жылы Әзербайжанның негізгі астық жеткізушісіне айналып, елдегі барлық импортталған бидайдың 88 пайызын қамтамасыз еткен.
Әзербайжан экономика министрі Микаил Жаббаров Қазақстанмен экономикалық серіктестікті дамыту ел үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті.
Оның ішінде Каспий түбімен өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТМТМ), Қазақстан мұнайының Әзербайжан транзиті, Каспий теңізінің түбімен тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісі және Каспий астымен жүргізілетін тереңсулы электр кабелі сияқты ірі жобалардың жүзеге асуы екі мемлекет үшін де үлкен геоэкономикалық маңызға ие екенін жеткізді.
Сондай-ақ, тараптар өндірістік кооперация мәселесін талқылады. Қазақстан тарапы Әзербайжанмен бірлесіп елімізде инфузиялық ерітінділер (дәрілік сұйықтықтар) өндірісін жолға қоюды ұсынды.
Одан бөлек, екі елдің құрылыс компанияларының әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салудағы серіктестігін кеңейту жайы талқыланды. Бүгінде қазақстандық бірқатар құрылыс компаниялары Әзербайжанда медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер құрылысын жүргізіп жатыр. Кездесуде осы тәжірибені Қазақстанда да қолдану мүмкіндігі сөз болды.