2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы айтарлықтай өзгерістер арқылы өсіп келеді. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,6% болады деп жоспарланған еді. Бұл өсімге экономиканың нақты секторлары мұнайдан бөлек салаларды, яғни инфрақұрылым мен әлеуметтік жобаларды дамыту арқылы орындалуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеру
2025 жылы Қазақстандағы ауылдық аумақтарды дамыту және фермерлерге қолдау көрсету бағытындағы негізгі өзгерістер туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пікір білдірген болатын.
– 2025 жылы ауылдық аумақтарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары бірыңғай тетікке біріктіріледі. Бұл шешім ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, фермерлердің техника мен тыңайтқыштарға қолжетімділігін арттыруға және жергілікті өнім өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз субсидиялар мен жеңілдетілген кредиттерді тиімді бөлу арқылы ауылдық жерлерде инвестициялық ахуалды жақсартуды мақсат етіп отырмыз, – деді Бауыржан Омарбеков.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин келтірген мәлімдемеге сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау мен субсидиялау шаралары, фермерлерге жеңілдікті несие беру және мал шаруашылығы мен техникаға қолжетімділікті арттыру бағытында төмендегідей нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр:
- 2025 жылғы ауыл шаруашылығының ұлттық санақ деректері жарияланды: шамамен 1,6 млн үй шаруашылығы мен 300 мың ауыл шаруашылығы нысаны қамтылды.
- АӨК-ке (агроөнеркәсіптік кешенге) несие мен лизинг беру жүйесінде өзгерістер бар: 2025 жылға арналған субсидияланған сыйақы мөлшерлемелері бекітілді.
- Түркістан облысында мал шаруашылығының аналық басына арналған азық субсидиялары – 219 000 теңгеге дейін белгіленді.
- Сонымен бірге, 2025 жылы “Кең дала” бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығына 700 млрд теңгеге дейін несие беріледі.
Біріктірілген мемлекеттік қолдау тетігі арқылы ауылдық жерлерде инвестицияны басқару оңтайландырылады, бюрократия азаяды, ресурстар тиімді пайдаланылады.
Жеңілдетілген несие мен субсидиялар фермерлерге техника мен мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді – бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырады.
Азық өнімнің тұрақты өсуі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады және жергілікті халықтың экономикалық белсенділігін қолдайды.
Цифрландыру: мемлекеттік қызметтерді жеделдету және ашықтық
2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан цифрландыру саласында ірі жоба‑жоспарларды қолға алып, электронды мемлекеттік қызметтерді мазмұнды түрде жетілдіруде.
Нақты жобалар мен іс-шаралар:
eGov 3.0 порталының жаңаруы. 2025 жылы Қазақстанда eGov порталдың үшінші нұсқасы – eGov 3.0 іске қосылды. Бұл платформада мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көбірек функция мен интеграцияны қамтиды, сонымен қатар жасанды интеллект компоненттері қосылуда.
Жасанды интеллектіні қолдану
Мемлекеттік қызметтерге AI технологияларын енгізу – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі. Мысалы, электрондық үкімет жүйесінде деректерді талдау арқылы әкімшілік процестерді оңтайландыру жоспары жасалған.
“Отбасының цифрлық картасы” (Digital Family Card). Бұл GovTech шешімі – әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мақсатында. Жоба БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырылып, отбасы экономикасының әлеуметтік‑экономикалық көрсеткіштерін қадағалайтын жүйе құруды көздейді. Бұл карта әлеуметтік тәуекелдерді болжауға және тұрғындарға мемлекеттік қолдауды мақсатты түрде бағыттауға мүмкіндік береді.
Аймақаралық цифрлы трансформация жобасы. 2024 жылы Қазақстан он екі елмен бірлесе отырып, мемлекеттік секторды цифрлы басқару мен трансформациялау жобасын іске қосқан. Бұл жоба цифрландыру бойынша мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін нығайту және қазақстандық мемлекеттік оргалардың цифрлық басқару тәжірибесін дамытуға бағытталған.
Интернет пен байланыс инфрақұрылымын дамыту. Digital Kazakhstan бағдарламасы аясында тасымалдау, өнеркәсіп және логистика секторлары цифрландырылады. Мысалы, «ақылды» сенсорлық құрылғылар қолданылатын “цифрлық кеніш” жобасы – өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Биометриялық сәйкестендіру және цифрлық жеке тұлғаны тану. Электрондық үкімет платформасында биометрия (бетті тану, QR-қолтаңба) сервистері енгізіліп жатыр, бұл қызмет алуды жылдамдатады және қауіпсіз етеді.
Жоғарыда атқарылып жатқан жобалар мен іс-шаралардың маңыздылығына тоқталар болсақ:
— Цифрлық платформалардың кеңеюі мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырады, бюрократиялық кедергілерді азайтады;
— Онлайн рұқсаттар мен лицензиялар бизнеске есеп жүргізуді жеңілдетеді, инвестиция мен кәсіпкерлікті ынталандырады;
— Цифрландыру еңбек өнімділігін арттыруға және жұмысқа қабілеттілікті жақсартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық қор, инвестициялар және әлеуметтік инфрақұрылым
2025 жылы Ұлттық экономика министрі Ұлттық қордан түсетін трансферттер мен әлеуметтік инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар туралы мәлімдеді. Ол атап өткендей, «Үкімет 2025 жылдан бастап нақты сектордағы жобаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды күшейтеді. Меншікті кірістерді арттыру – ұлттық бюджеттің тұрақтылығы үшін маңызды».
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қорға түсімдер шамамен 1,2 трлн теңгені құрады, ал қордан түсетін трансферттер 5,25 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Сол уақытта бюджеттің меншікті кірістері 63,7%-ға жетіп, 2028 жылы 83,5%-ға дейін өсуі күтілуде.
Ұлттық қордан түсетін қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға – мектептер, ауруханалар, жолдар салуға және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталады, бұл халықтың өмір сапасын жақсартады.
Сонымен қатар, қордан келетін трансферттер экономикаға тұрақтылық әкеліп, сыртқы дағдарыстар кезінде активтердің тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді, ал бюджеттің меншікті кірістерінің өсуі мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті табыс көздеріне тәуелді ету арқылы қаржылық тұрақтылықты күшейтеді.
2021-2025 жылдардағы экономикалық саясат – ауыл шаруашылығын жаңғырту, цифрландыруды тереңдету және Ұлттық қор ресурстарын тиімді пайдалану арқылы халықтың өмір сапасына нақты әсер етті.

