Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Қазақстаннан мұнай жеткізу мәселесінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Оңтүстік Кореяның өнеркәсіп министрі Ким Чон Гванның айтуынша, келесі аптада нақты көлемдер мен тасымал туралы толық ақпарат жарияланады. Министрдің сөзінше, Астанамен келіссөздер табысты өтіп, маңызды нәтиже берген.
Сәуір айының басында президент әкімшілігінің басшысы Кан Хүн Сик пен өнеркәсіп министрі Ким Чон Гуан Ормуз бұғазы арқылы тасымалдау мәселесінің қиындауына байланысты мұнай және нафта жеткізу келісімдерін жасау үшін Қазақстанға арнайы келіп қайтқан еді.
«Астана географиялық жағынан алыста көрінгенімен, мұнай тасымалы АҚШ-тан жеткізілетін уақытпен шамалас 50-60 күн. Сапардың негізгі мақсаты энергия көздерін ұзақ мерзімде әртараптандыру», – деді министр Ким.
Қазіргі таңда Оңтүстік Корея энергия қажеттілігінің 70%-ын Таяу Шығыстан импортталатын мұнай есебінен өтеп отыр. Сонымен қатар ел өткен айда Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнай жеткізу туралы келісімге де қол жеткізген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







