Қазақстан Ресейден электр энергиясын импорттауға 100 млрд теңге жұмсаған. Қазақстан Ресейден электр энергиясын импорттауға былтыр осыншама қаржы жұмсаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Бұл туралы Сенат отырысында энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде кешкі уақытта электр қуаты келісілген межеден көп жұмсалған. Сондықтан көршілес елмен қуат көзінің жыл сайынғы жеткізілетін мөлшері келісіледі. Осыған сәйкес заңға түзетулер енгізілді.
Айта кетейік, келісім 2023 жылы жасалған. Жалпы елімізде кейінгі жылдары электр энергиясының тапшылығы қатты сезіліліп отыр. Ал Энергетика министрлігі 2027 жылға дейінгі жоспарлы импорт көлемін азайтуды көздеп отыр.
Елде электр энергиясы тарифі неге өсті?
1 ақпаннан бастап Қазақстандағы электр станцияларында тариф орта есеппен 20 пайызға өсті. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тарифтің қымбаттау себептерін түсіндірді.
«Энергетика министрлігі тек электр станциялары өндіретін электр энергиясының тарифтерін бекітеді. Біз оларды жылына бір рет қараймыз және жыл сайын өзгерістер болады. Биыл 1 ақпаннан бастап станциялардағы тарифтер орта есеппен 20 пайызға өсті. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, шикізат бағасы өсуі: көмір қымбаттады, инфляция әсерінен қосалқы бөлшектер бағасы көтерілді. Екіншіден, кадр мәселесі: біртіндеп станциялардағы жалақыны көтеріп жатырмыз. Бүгінде білікті қызметкердің орташа айлығы 400–420 мың теңгеге жетті, бұл да тарифке әсер етеді. Сонымен қатар, сапалы жабдықтарды сатып алып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы факторлар тарифтері өсуіне ықпал етеді», – деп түсіндірді вице-министр Сенат дәлізінде.