Қазақстанда доллар бағамы бір жарым жыл бұрынғы көрсеткішке қайта оралды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
17 наурыз күні Ұлттық банк доллардың ресми бағамын 486,2 теңге деңгейінде белгіледі. Алдыңғы күнмен салыстырғанда АҚШ ақшасы 5,09 теңгеге арзандады. Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары мұндай деңгей соңғы рет 2024 жылдың 28 қазанында болғанын айтады.
Наурыз айында теңгенің тұрақты нығаю үрдісі байқалды. Ай басынан бері ұлттық валюта долларға шаққанда 2,3 пайызға (11,36 теңгеге) қымбаттаса, жыл басынан бері нығаю деңгейі 3,8 пайызды (19,33 теңге) құраған.
Сарапшылар теңгенің нығаюын әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуімен байланыстырып отыр. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленіс әсер етті. АҚШ пен Израиль Теғранның инфрақұрылымына соққы жасаған соң, Иран Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын іс жүзінде тоқтатып тастады.
«Нәтижесінде Парсы шығанағы елдерінен тасымалданатын мұнай көлемі шектелді. Қазір Лондындағы ICE биржасында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде тұр», – делінген сарапшылардың хабарламасында.
Теңге еуро және рубльге қатысты да нығая түсті
Еуро бағамы 557,82 теңге болса, Ресей рублі 6 теңгеге дейін арзандады. Бұл соңғы жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштерге жақын.
Бір қызығы, бұған дейін сарапшылар геосаяси тұрақсыздық теңгені әлсіретуі мүмкін деген болжам айтқан. Әдетте мұндай кезеңдерде инвесторлар дамушы елдерден қаржысын алып кетуге тырысады.
Бірақ әзірге жағдай басқаша қалыптасып отыр. Кейбір сарапшылар мұны шетелдік инвесторлардың Қазақстанды мұнай бағасының өсуінен пайда табушы ел ретінде қабылдауымен байланыстырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







