Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар туралы мәлімдеді,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Президенттің айтуынша, бұл атаулы дата еліміз үшін ғана емес, әлемдік маңызы бар тарихи оқиға саналады.
«Енді екі аптадан кейін әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті. Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр», — деді Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында.
Президент бастамасымен Республикалық ономастикалық комиссия 500-ден астам көшеге жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдағанын айтты. Бұл – Жеңістің қадірін ұмытпаудың нақты көрінісі.
«Жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті қаншалықты қадірлейтініміздің нақты белгісі», – деді Мемлекет басшысы.
Мерейтой аясында «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты арнайы жоспар қабылданып, 2000-нан астам мәдени, ғылыми және ағартушылық іс-шара өткізіледі.
Президент ардагерлерге ерекше назар аударылатынын да айтты.
«Ең бастысы – құрметті ардагерлеріміз мемлекет пен қоғамның ерекше қорғауында болады», – деді ол.
Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шерумен аяқталмақ. Тоқаев бұл шерудің ел үшін символдық мәні бар екенін атап өтті.
«Бұл – майдангерлер мен тыңгерлерге тағзым ғана емес, қазіргі күрделі геосаяси ахуалда ұлттық рухымыздың мықтылығын көрсететін символ», – деді Президент.