Еліміздегі ресейлік бизнестің үлесі күн өткен сайын кеміп келеді деп жазады Ertenmedia.
Биылғы жылдың екінші тоқсанында ел аумағында Ресей капиталымен байланысты кәсіпорын саны бірден 728-ге азайған.
Сарапшылар пікірінше, бұл кейінгі бес-алты жылдағы ең үлкен құлдырау.
Қазақстандағы ресейлік кәсіпорын саны былтырдан бері үздіксіз төмендеу үстінде.
Айталық, өткен жыл ел аумағында 19,7 мың Ресей компаниясы жұмыс істесе, биыл шілдеде олардың саны 17,6 мыңға дейін азайған.
Осылайша, бір жылда Ресей капиталына тіркелген 2000-нан астам кәсіпорынның есігіне құлып салынған.
Ресейлік бизнестің қысқаруы нарықтағы барлық салаға әсер етуде. Әсіресе, сауда және IT-сектордағы компаниялар шығынға батып жатыр. Ресейлік бизнестің жалпы азаю көрсеткішінің 55%-ы дәл осы екі салаға тиесілі.
Орыстардың өрісі тарылып жатқан тұста көрші Өзбекстан мен Қытай позициясын нығайту үстінде.
Мысалы, екінші тоқсанда Қазақстанда өзбек капиталымен байланысты компаниялар саны 527-ге көбейіп, жалпы саны 5400-ге жетті.
Өзбек кәсіпкерлерінің басым көпшілігі қызмет көрсету саласында.
Қытайдың үлесі де осы аралықта 503 компанияға көбейген. Қытай бизнесінің негізгі екпіні сауда секторына түсіп отыр.
Дей тұрғанмен, Қазақстандағы шетелдік бизнесте әлі де болса Ресейдің үлесі көп. Қазір елде шетелдік капиталы бар жалпы компаниялар саны 44,7 мың. Соңғы үш айда бұл көрсеткіш тағы 254-ке кеміген. Сарапшылар пайымынша, мұның басты себебі елден жаппай кетіп жатқан ресейлік бизнес.