Интернет-алаяқтық – қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Интернеттегі қауіп: алаяқтарға алданып жүрген адамдар саны неге азаймай отыр? Бір ғана телефон қоңырауы адамның бірнеше жыл жинаған ақшасынан айырылуына себеп болуы мүмкін. Бүгінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Интернет арқылы сауда жасап, ақша аударып жүрген адамдардың арасында алаяқтардың құрбаны болып жатқандар да аз емес. Сондықтан интернет-алаяқтық қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің біріне айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазіргі уақытта интернетсіз өмірді елестету қиын. Адамдар банк қосымшалары арқылы ақша аударады, әлеуметтік желілерден тауар сатып алады. Алайда интернеттің мүмкіндіктерін өз пайдасына пайдаланатын алаяқтар да көбейіп келеді.
Қазақстандағы ресми деректер
Қазақстанда интернет-алаяқтық әлі де алаңдатарлық мәселе. Үкіметтің 2026 жылғы мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елімізде 27 892 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ал 2026 жылдың басынан бері 14 414 жағдай анықталған. Бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Үкімет мәліметінше, 2025 жылы елімізде 27 892 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері 14 414 жағдай анықталған.
Алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – телефон арқылы алдау. Қылмыскерлер өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілі ретінде таныстырып, адамның есепшотында мәселе бар екенін айтады. Кейін жеке мәліметтерін немесе SMS-кодын сұрайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған дүкендер ашып, арзан бағамен тауар ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қоятындар да бар.
Жасанды интеллект арқылы жасалатын айла-тәсілдер
Соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасау жағдайлары да кездеседі. Алаяқтар осы тәсілмен жақын туысы немесе танысы сияқты көрініп, ақша сұрауы мүмкін. Бұл интернеттегі қауіптің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Неліктен адамдар әлі күнге дейін алаяқтардың құрбаны болып жүр? Менің ойымша, басты себептердің бірі – цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігі. Алаяқтар адамның қорқынышын, сенімін және асығыстығын пайдаланады. Әсіресе, жалған ақпаратқа сеніп, тексермей әрекет ететін адамдар жиі алданып қалады.
Қауіпсіздік ережелері және цифрлық сауаттылық
Бұл мәселені шешу үшін әр адам интернет қауіпсіздігін сақтауы керек. Белгісіз адамдарға банк картасының деректерін, құпиясөздерді және SMS-кодтарды беруге болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпей, интернет-дүкендердің сенімділігін тексеру қажет. Сонымен қатар мектептер мен университеттерде цифрлық сауаттылық туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
Интернет-алаяқтықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Әр адам өзінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек.
Менің ойымша, интернет-алаяқтықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Әр адам өзінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек. Бұқаралық ақпарат құралдары да алаяқтықтың жаңа түрлері туралы халыққа тұрақты түрде ақпарат беріп отыруы қажет.
Қорытындылай келе, интернет-алаяқтық – бүкіл қоғамға ортақ мәселе. Технология дамыған сайын алаяқтардың да алдау тәсілдері өзгеріп келеді. Сондықтан интернетті пайдаланғанда мұқият болып, кез келген ақпаратқа бірден сене бермеуіміз керек.
Аяна Еркінбек, ҚазХҚжӘТУ 1 курс студенті, журналистика факультеті
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







