Сауд Арабиясы мен Йемендегі хусит көтерілісшілері арасындағы қақтығыс күрт шиеленісіп, тараптар стратегиялық нысандар мен энергетикалық инфрақұрылымға өзара жойқын соққылар беруге көшті. Бейсенбі күні Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Джизан өңіріндегі мұнай өңдеу зауытына снаряд құлап, бір адам қаза тапты. Ал оның қарсаңында корольдіктің ең ірі әрі әлемдік нарық үшін аса маңызды Рас-Таннура мұнай кешені ұшқышсыз ұшу аппараттарының нысанасына айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Рас-Таннура үстіндегі қою түтін: Спутник түсірген көрініс
Planet Labs пен NASA ғарыштық аппараттары түсірген спутниктік мәліметтер Сауд Арабиясының шығыс жағалауындағы Рас-Таннура түбегінен орасан зор қара түтін көтерілгенін тіркеді. Ғарыштан анық байқалған түтін бұлты шамамен 600 шаршы шақырым аумақты торлап үлгерген.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари мәлімдеме жасап, аталған зауытқа жасалған дрон шабуылы сәтті өтіп, аумақта өрт шыққанын жариялады. Осы оқиғадан кейін жүк тасымалы саласындағы дереккөз теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары шұғыл тоқтатылғанын растады. Мемлекеттік Saudi Aramco компаниясы оқиға салдарына қатысты ресми пікір білдіруден әзірге бас тартты.
Тәулігіне 550 мың баррель мұнай өңдеуге қауқарлы Рас-Таннура кешені әлемдегі ең ірі шикі мұнай экспорттау айлақтарының бірі саналады. Шабуылдан кейін халықаралық танкерлерге мұнай тиеу процесі уақытша тоқтатылды.
Коалиция күштері Рас-Таннура аспанында төрт дронның атып түсірілгенін, жарылғыш құрылғылардың сынықтары жерге құлағанын хабарлағанымен, зауыттың зақымдану көлемін нақтыламады.
Джизандағы шабуыл және Эр-Риядтағы қаржы кешені
Жағдай бейсенбіде одан әрі күрделене түсті. Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі Қызыл теңіз жағалауындағы Джизан мұнай өңдеу зауытына әуеден снаряд тигенін хабарлады. Шабуыл салдарынан бір непалдық жұмысшы көз жұмып, бірнеше адам жараланды. Кәсіпорында тұтанған өрттің кесірінен өндірістік жұмыстар ішінара шектелді.
Бұдан бөлек, көтерілісшілер сәрсенбіде ел астанасы Эр-Риядтағы Король Абдалла атындағы қаржы орталығына да ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасаған. Соққыдан зәулім ғимаратқа зақым келіп, 11 адам түрлі жарақат алды. Айта кетерлігі, нысанаға айналған осы кешенде Сауд Арабиясының 1 триллион доллардан асатын Ұлттық инвестициялық қорының бас кеңсесі орналасқан.
Коалицияның Йемендегі жауап шабуылдары мен нарық дабылы
Энергетикалық жүйеге жасалған қауіпке жауап ретінде Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемен аумағындағы хуситтерге тиесілі әскери инфрақұрылымдарға қарсы ауқымды әуе операциясын бастады. Сана, Ходейда және Саада өңірлерінде хуситтердің 50-ден астам маңызды базасы мен зымыран ұшыру қондырғысы талқандалды.
«Бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарды нысанаға алу әрекеттеріне қатаң әрі шешімді әскери жауап беріледі», – деп ескертті Сауд коалициясының өкілі Түркі әл-Малики.
Өз кезегінде хуситтердің бақылауындағы ақпарат құралдары тәулік ішінде Сауд күштері олардың позицияларына 109 рет әуеден соққы бергенін алға тартуда.
Таяу Шығыстағы мұнай инфрақұрылымының нысанаға алынуы әлемдік энергетикалық биржаларды да дүр сілкіндірді. Brent маркалы мұнай бағасы шабуылдар туралы хабардан кейін 3,5%-дан астам қымбаттап, барреліне 94,7 долларға дейін көтерілді. Бұл шиеленіс жаһандық нарыққа мұнай тасымалдау қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







