Әлемдік жарыс аренасында Қазақстанның атын танытып жүрген ArtLine Kazakhstan командасы жаңа маусымға тың серпінмен кірісті. Аталған команда еліміз тарихында Lamborghini Super Trofeo Europe сериясына ресми түрде қатысып, халықаралық деңгейде өз жалауын көтерген алғашқы кәсіби ұжым, деп жазады Ertenmedia.kz.
ArtLine Kazakhstan командасының негізін қалаушы әрі рухани көшбасшысы Шота Абхазав бала күнінен көлік тізгіні мен жылдамдық әлеміне ғашық болған адам. Оның автоспорттағы жолы студенттік шағынан басталып, «Астрада» және «Гардарика» секілді жарыс көліктерін құрастыру жобаларынан қалыптасқан.
ArtLine-ның тарихы жиырма жылдан астам уақытқа созылады. 1999 жылы италиялық Фабио Бабини Формула 5 жарысында команданың алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал екі жыл өткен соң Маурицио Медиани командаға тұңғыш чемпиондық атақты сыйлады.
Осылайша, ArtLine инженерлік шеберлікті, командалық сенімді және спортқа деген адалдықты бір арнаға тоғыстырды. 2003-2006 жылдары команда Формула 1600 жарысында қатарынан үш рет алтын дубльге жетіп, өз әлеуетін нақты дәлелдеді.
Кейін Финляндияда өткен жарыстарда ArtTech шассисімен жеңіс тұғырынан көрініп, халықаралық деңгейдегі беделін нығайтты. 2009 жылдан бастап Германия чемпионаттарында ArtTech F24 көліктерімен өнер көрсетіп, үздік үштікке тұрақты еніп отырды. Әр жеңіс жылдар бойғы еңбектің, техникалық дамудың және табандылықтың жемісі еді.

Шота Абхазав басқарған жылдары команда тек жарысқа қатысып қана қоймай, инженерлік зерттеу мен прототип жасау бағытында да алға басты. Руставидегі автодром қайта жаңарып, Формула 3 пен GT класындағы көліктер әзірленді. Бұл кезең ArtLine-ның жаңа дәуіріне жол ашты. 2014 жылы Абхазав Lamborghini Super Trofeo Europe жарысында алғаш рет жарысқа шығып, келесі жылы AM класында чемпион атанды. Осы жеңіс оның шебер жүргізуші ғана емес, команда құру мен жетістікке жетудің нағыз символына айналғанын көрсетті.
2023 жылы ArtLine Kazakhstan атауымен жаңа кезең басталды. Енді команда Қазақстанның ресми өкілі ретінде Lamborghini Super Trofeo жарысына қатысып, Еуропада еліміздің туын көтеріп жүр.
Қысқа мерзім ішінде 23 жеңіс, 36 подиум нәтижесімен команда тұрақты түрде үздік үштікте келеді. 2024 жылы Абхазава Lamborghini Cup санатында көш бастап, маусымды бірінші орынмен аяқтады. Ал 2025 жылы команда бәсекелі Pro-Am класына өтті. Онда Шота Абхазав мен Егор Оруджев Еуропаның әйгілі трассаларында сынға түсіп, ел намысын қорғап жүр.
Маусымның алғашқы жарысы Франциядағы Paul Ricard трассасында өтіп, команда екінші орынды иеленді. Кейін Spa-Francorchamps пен Нюрбургринг жарыстарында да күміс кубоктарға қол жеткізіп, мықтылардың қатарынан табылды. Енді оларды маусымның шешуші кезеңі қараша айындағы Италиядағы финалдық жарыстар күтіп тұр. Еуропа мен Әлем финалында ArtLine Kazakhstan тағы да ел намысын қорғап, подиумнан орын алуға ниетті.
Олардың әр жарысы Қазақстанның автоспорттағы жаңа тарихының парағы. Әр айналымда, әр бұрылыста елдің абыройы мен сенімі бар. Команданың табандылығы мен кәсібилігі қазақстандық жастарды техникалық мамандықтарға, инженерлік ізденістерге және спортқа ынталандырып келеді. Шота Абхазав мен Егор Оруджевтің еңбегі болашақ автоспортшылар үшін үлгі, жігер мен қайсарлықтың мектебі.
ArtLine Kazakhstan тек жарыс жолындағы команда емес, ол – Қазақстанның әлемдік спорт сахнасындағы бейнесі. Алда Италиядағы шешуші финал. Қалғаны – сенім мен жылдамдықтың жарысы.