Ресей армиясының офицері Евгений Коробов 2022 жылы Украинаға басып кірген әскер қатарында болған. Киев облысын басып алуға қатысқан ол майданнан қашып, қазір Қазақстанда саяси баспана сұрап жүр деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Currenttime-ның дерегінше Коробов қазір Астанада бой тасалап жүр. Ресейден қашып келген ол қара жұмыс істеп, жан бағып жүр екен. «Путин? Соғысқа мүлде қатысқым келмеді. Өз жеріңді қорғау басқа әңгіме. Ал еш себепсіз, бейбіт елге басып кіруді ақтау мүмкін емес», – дейді Евгений.
Коробов қызмет еткен 15-мотоатқыштар бригадасы Киев маңында 2022 жылдың жазына дейін болған. Кейін Украина прокуратурасы бригаданың бірнеше сарбазын әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Бірнеше ай бойы майданда болған Коробов қашып құтылудың амалын қарастыра бастаған.
«Соғыстан үйге оралудың екі ғана жолы бар еді, өз-өзіңді жаралау немесе жан тапсыру. Басқа мүмкіндік жоқ. Мен алғашқысын таңдадым», – дейді ол. Сөйтіп өз аяғына оқ атқан.
Пропаганда Коробовты қалай пайдаланды?
Кейін жарақатын емдеп жүргенде одан ресейлік пропаганда құралдары сұхбат алып, эфирде «ерлік көрсеткен қаһарман» ретінде таныстырған. Коробовтың айтуынша, мұның бәрі қып-қызыл өтірік.
«Жарақатым жазылғасын қайта соғысқа жібереді деген қауіп болды. Содан елден біржола кетудің жоспарын құрдым. Ресей ішінде жасырынып жүру мүмкін емес. Елден қашу керек екенін түсіндім», – дейді ол.
2023 жылдың қаңтарында Астанаға қашып келіп, саяси баспана сұраған. Біздің билік Евгенийге босқын мәртебесін беруден бас тартыпты. Шенеуніктер «қудалау қаупі бар екеніне дәлелі жоқ» деген қорытынды шығарған. Қазір Коробов сот арқылы босқын мәртебесін алуға тырысып жатыр.
«Оның әскерден қашуы қорқақтық емес, саяси ұстаным. Коробов Кремльдің саясатын қолдамайды. Ол бұл соғысты қылмыс деп санайды», – дейді әскеридің қорғаушысы.
Өлгендер қайтып келмейді
Қазақстанда сот шешімін күтіп жүрген Коробов шешімінің дұрыстығына көз жеткізе түскенін айтады.
«Ресейге жеңіс емес, соғыс қажет. Соғысты желеу етіп, кез келген мәселені ақтап алуға болады. Кремльге тұрақты соғыс жағдайында өмір сүрген тиімді», – дейді ол.
Сөз соңында Евгений соғыста жүрген өзге ресейлік сарбаздарға үндеу жасады:
«Қандай идеологиямен соғысқа барғандарың маңызды емес. Ертең билік ауысса, сендердің барлық сенімдерің құрдымға кетеді. Бірақ өлгендерді қайта тірілте алмайсыңдар. Ал тірілердің мүмкіндігі бар. Сондықтан ақылды іске қосып, мүмкіндік болса қашыңдар!», – дейді ол.
Айта кетейік, Ресейде Евгений Коробовқа қарсы «дезертирлік» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Айта кетелік, бұған дейін біз Кремль Қазақстанды тауар өткізетін базарға айналдырып алғанын, егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

