Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолын кесті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Арнайы қызмет мамандары Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі көлемде кокаин тәркіледі.
Ұсталған есірткінің жалпы салмағы 13 тонна 183 келі. Контрабандалық есірткі Қазақстан арқылы өзге елдерге жеткізілуі тиіс болған.
«Бұл іске қатысы бар деген күдікпен екі шетелдік азамат ұсталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз тасымалдау) бойынша тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады ҰҚК өкілдері.
Еске сала кетейік, былтыр Алматы полициясы Италиядан жеткізілген, кофенің дәні ретінде жасырылған кокаинді тәркілеген еді. Ол кезде есірткіні жеткізген шетелдік азамат та қолға түскен болатын.
Президент Тоқаев түнеукүні есірткі саудасы мен өндірісін қатаң бақылауға алу туралы өткір мәлімдеме жасаған еді. Мемлекет басшысы есірткі бизнесін қаржыландыратын күмәнді қаржы ағындарына тосқауыл қоюды тапсырған.
Ресми дерекке сенсек, Қазақстанда есірткі тұтынатын 40 мың адам бар. Бұл жәй ғана жалаң цифр емес, сіз бен біздің ортамызда жүрген адамдар. Олардың аты-жөні, IP-адрестері, транзакциялары анықталған. Арасында мектеп оқушылары да, шенеуніктер де жетіп артылады.
Таңғаларлығы криминалды нарық кәдімгі банк жүйесімен біте қайнасып кеткен. Онлайн-сервистердің қалқасында тұрған есірткі саудасы мемлекеттің іш-құрылысына дендеп кіріп алғанын байқамай да қалыппыз.
Толығырақ осы тұста.