Қазақстандық астық тұңғыш рет Қытай портында контейнер ауыстырмай Вьетнамға жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Ақмола облысының Ақкөл, Азат және Көкшетау станцияларынан жолға шыққан 17 мың тонна бидай Ляньюньган (Қытай) арқылы Хайфон (Вьетнам) портына дейін контейнер ауыстырмай жеткен деп жазады Ertenmedia.
Бұл бұрын-соңды болмаған жаңа логистикалық тәсіл.
Әдетте Қытай порттарына теміржолмен келген жүк теңіз контейнерлеріне қайта тиелетін. Бұл жолы жүк Қазақстаннан Вьетнамға дейін бастапқы контейнерлермен тасымалданды.
Жаңа тәсіл астықтың сапасын сақтап, жеткізу мерзімін қысқартып, шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. «Кедентранссервис» компаниясының мәліметінше, аталған логистикалық жобаның табысты жүзеге асуы отандық астық өндірушілер үшін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттың жаңа көкжиегін ашады.
Компания бұл жобаны бұдан әрі кеңейтіп, жаңа бағыттарды қамту арқылы Қазақстанның жаһандық азық-түлік жеткізу тізбегіндегі рөлін арттыруды жоспарлап отыр.
Контейнерді ауыстырмай жүк тасымалдау логистика тиімділігін арттыруға жасалған үлкен қадам. Мұндай тәсіл арқылы жүк тиеу және түсіру уақыты қысқарып, өнімнің бүліну немесе ластану тәуекелі азаяды. Сонымен қатар кедендік рәсімдер жеңілдеп, жеткізу тізбегінің сенімділігі артады.