Шолпан-Атада Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында су ресурстарын пайдалану мен электр энергиясын жеткізуге қатысты маңызды келісімдерге қол қойылды деп хабарлайды Ertenmedia ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Құжаттарға сәйкес, Токтоғұл су қоймасынан қажетті мөлшерде су жіберу үшін Қазақстан мен Өзбекстан Қырғыз Республикасына электр энергиясын жеткізіп отырады. Сондай-ақ тараптар Ресейден Қырғызстанға Қазақстан аумағы арқылы электр энергиясын транзиттеу шарттарын бекітті.
Мұның бәрі Токтоғұл су қоймасындағы судың деңгейін тұрақты ұстап, Қазақстанның оңтүстік өңірлерін вегетациялық кезеңде үздіксіз суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар.
Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан арасында жеке келіссөздер өтіп, тараптар 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі энергетикалық тапшылықты өтеу үшін 900 млн кВт·сағат электр энергиясын жеткізу туралы келісімге қол қойды.
«Су-энергетикалық саладағы жұмыстардың дәлдігі аса маңызды, барлық тарап кесте мен мерзімдерді қатаң сақтауы қажет. Бұл құжаттар нақты көрсеткіштер, уақыт пен бағаны қамтиды», – деді Энергетика министрлігі өкілі Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, Қазақстан өзіне алған міндеттемелерді толық орындап отыр және әріптес елдерден де осыны күтеді. Бұл өңірдегі энергия жүйесінің тұрақтылығы мен су қауіпсіздігі үшін қажет.
Қабылданған шешімдер күзгі-қысқы кезеңдегі тәуекелдерді азайтып, су қорын келесі маусымға дейін жоспарлы жинақтауға мүмкіндік береді. Мұның елдің оңтүстігіндегі аграрлық сектор үшін маңызы зор.