«Терроризмге қарсы комитет» РҚБ төрағасының орынбасары, пропаганда және радикализация мәселері жөніндегі сарапшы Ассоль Мирманова Қазақстанның қара жәшікке қатысты шешіміне пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сарапшы әлеуметтік желіде Қазақстанның ұстанымын Сүлеймен шешімі деп атады. «Сүлеймен шешімі» термині өз бастауын Інжілден алады. Сүлеймен патша баланың шын ата-анасын анықтау қажет болған дауда әділ әрі дана шешім ұсынған.
«Жақында Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының «қара жәшігін» Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) беру туралы шешім қабылдап, даналық көрсетті», — дейді сарапшы.
«Ресей мен Украина арасындағы гибрид соғыс жағдайында кез келген қатені немесе абайсызда жасалған қадамды пропагандистер қолданады, нәтижесінде Қазақстанның қайғылы оқиғаны тергеуіне елдің ішінде де, одан тыс жерлерде де күмән тууы мүмкін», — деді сарапшы.
- Біріншіден, тәуелсіздік және объективтілік: Бразилия ұшақ өндіруші ел ретінде деректерді ашудың бірегей техникалық мүмкіндіктеріне ие. Бұл тергеу нәтижелерінің біржақтылығына күмәнданбауға мүмкіндік береді. Қазақстан халықаралық қоғамдастық тарапынан сенімді нығайта отырып, процестің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін көрсетті.
- Екіншіден, халықаралық нормаларға сәйкестік: Чикаго конвенциясы тергеу жүргізіп жатқан елге талдау жүргізілетін орынды таңдауға құқық береді. Cenipa-ға деректерді беру Қазақстанның халықаралық құқыққа бейілділігін және оның ашықтыққа ұмтылысын растайды.
«Қазақстанның шешімін күрделі геосаяси жағдайдан бөлек қарастыруға болмайды. Ресей «қара жәшікті» ТМД мемлекетаралық авиация комитетіне жіберуді ұсынды. …Алайда Қазақстан кемел және стратегиялық ұшқырлық көрсететін жол таңдады. Бұл таңдау еліміздің бір сәттік пайда немесе сыртқы қысыммен емес, ұзақ мерзімді мүдделерге негізделген шешімдер қабылдайтынын көрсетеді. Мұны Сүлейменнің шешімі деп атауға болады: дана әрі салмақты», — деді ол.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.