Назарбаев Университетінде болған суицид фактілеріне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, аталған оқиғалардың нақты себептері 2025 жылғы қазан айының соңына қарай белгілі болуы мүмкін, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама жүргізілуде. Бұл оңай жұмыс емес, мамандар терең психологиялық және әлеуметтік факторларды зерттеп, жастардың өмірмен қош айтысуына не себеп болғанын анықтауға тырысуда.
Сараптама нәтижесі қоғамның бет-бейнесін көрсетері анық. Себебі бұл тек Назарбаев Университетіне ғана тән жағдай емес. Тамыз айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті ректорлық ғимараттың 14-қабатынан секіріп мерт болған-ды. Ал қыркүйекте тағы бір ҚазҰУ студенті таулы аймақта өлі күйінде табылды. Екі түрлі оқиға, екі түрлі тағдыр, бірақ бір ғана ортақ сұрақ – жастар неге осындай шешімге барады?
Ресми мәлімдемеде бұл істер бойынша күдікті жоқ. Тергеу психологиялық жағдайға ғана емес, сонымен қатар білім ордасының ішкі мәдениетіне, жастармен жұмыс жүргізу тәсілдеріне де мән бермек. Бұл ретте уақытша жауап емес, жүйелі шешім керек. Суицид мәселесін тек оқшау факті ретінде қарау жеткіліксіз, бұл ұлттық деңгейдегі әлеуметтік және рухани дағдарыстың көрінісі.
Университеттерде білім беріп қана қоймай жастарға өмір сүрудің мәні мен тіршіліктің құндылығын сезіндіру маңызды.