Ішкі істер министрлігі Қонаев – Бақанас автожолының бойында көлік қозғалысын қадағалау тәртібі өзгергенін хабарлады. Күрежолдың қауіпті саналатын аумағында автокөліктердің орташа жылдамдығын автоматты түрде тіркейтін жаңа жүйе ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айнымалы жылдамдық режимі деген не?
Жаңадан енгізілген бақылау тетігінің өзіндік басты ерекшелігі бар. Жол бойында рұқсат етілген максималды жылдамдық барлық жерде бірдей емес, нақты учаскелерге байланысты өзгеріп отырады.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова күрежолдың қанша шақырымы бақылауға алынғанын және жүргізушілердің нені ескеруі керектігін түсіндірді.
«Қадағаланатын аумақтың ұзындығы – 38 шақырым 965 метр. Аталған телімнің маңызды ерекшелігі – айнымалы жылдамдық режимінде. Яғни жолдың әр бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық шегі әртүрлі болып белгіленген», – деді ол.
Жүргізушілерге арналған ескерту
Тәртіп сақшылары көлік тізгіндеген азаматтарға жол белгілеріне барынша мұқият қарауды ескертеді.
Бұған дейін жүргізушілер камераның тұсына келгенде ғана тежегішті басып, кейін жылдамдықты қайта асыратын әдетке салынса, орташа жылдамдық өлшегіш қойылғаннан кейін мұндай қулық жүрмейді. Бағдарлама көліктің белгілі бір қашықтықты қанша уақытта өткенін есептеп, жолдың әр бөлігіндегі шектеулерді ескере отырып, ереже бұзушылықты автоматты түрде тіркейді. Сондықтан жаза мен айыппұлдан аулақ болу үшін әрбір жол белгісінің талабын бұлжытпай сақтау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







