Қаржы мониториң агенттігі Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек пен оның отбасына қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын хабарлады деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін журналистер Байбектің отбасы мүшелерінің атышулы Esentai City тұрғын үй кешеніндегі мүліктері туралы сұрақ қойған.
Аталған ЖК-дағы жылжымайтын мүліктің бір бөлігін атышулы Қоспаевтың қылмыстық тобы заңсыз иемденген еді. АФМ төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, Байбек пен оның жақындарына қатысты агенттікте ресми тіркелген қылмыстық іс жоқ.
«Бауыржан Байбектің өзіне де, әкесіне де ешқандай іс қозғалмаған. Ал Қоспаевтың ісі бойынша сот үкімі шықты. Сонымен қатар бұл іске қатысы бар басқа лауазымды тұлғалар мен әлі анықталмаған адамдарға қатысты бөлек іс қозғалды. Олардың арасында осы қылмыстық топтың әрекетін жасыруға және заңсыз алынған активтерді тығуға көмектескен адамдар бар», – деді Жеңіс Елемесов.
Еске сала кетсек, Қоспаевтың тобы 2018–2022 жылдары AV-Construction компаниясын басып алып, Esentai City кешеніндегі 133 жылжымайтын мүлікті өздерінің, туыстары мен жақын адамдарының атына нарықтан төмен бағамен рәсімдеген. Компанияға келген шығын көлемі – 4,6 млрд теңге.
Жылжымайтын мүліктерді иеленгендердің қатарында Назарбаевтың туыстары мен Бауыржан Байбектің әкесі де аталған болатын.
Кейбір дереккөздердің мәлім еткеніндей, Байбек қазір Кипр аралында алаңсыз өмір сүріп жатыр.
«Оның тұсында демалыс аймақтары мен заңмен қорғалатын жерлер мемлекет меншігінен шығып, олигархтарға берілді. Сол жылдары Есентай, Көктөбе сынды көптеген элиталық тұрғын үй кешендері пайда болды. Медеу, Бостандық, Наурызбай аудандарының құрылыс жоспарлары қайта-қайта түзетілді.
Байбек екі жарлық шығарған. Оның нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жерлері «Омирекс» пен «Атлас девелопмент» фирмаларына өтті. Ал ол фирмалардың негізін Динара Құлыбаева қалаған.
Одан бөлек, Медеу және Бостандық аудандарында 116 гектардан астам табиғи зоналар мен демалыс орындары коттедждер мен көппәтерлі үйлер салу үшін олигархтарға сатылып кетті», дейді осы тұста «Әшкере» телеграм арнасының дереккөзі.