АҚШ-та БТА Банкі мен Алматы әкімдігіне қатысты атышулы сот процесінің қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералды соты қазақстандық тарапқа 100 миллион доллардан астам өтемақы өндіріп беруге шешім шығарды. Оның 52 миллионы тікелей шығын ретінде есептелсе, қалған 50 миллион доллар іс ұзаққа созылғандықтан өндірілген пайыздық үстеме.
Іс Қазақстаннан 10 жылдан астам уақыт бұрын ұрланып, АҚШ аумағындағы жылжымайтын мүлік нарығына заңсыз бағытталған қаражатқа қатысты өрбіген.
Алматы әкімдігі мен БТА банкінің мүддесін АҚШ-тың әйгілі Boies Schiller Flexner адвокаттық кеңсесі қорғаған екен.
Қылмыстық схеманың артында Алматы қаласының бұрынғы әкімі мен БТА банктің экс-төрағасы тұр. Бір-бірімен құда-жекжат болып келетін Әблязов-Храпунов тандемі Алматы әкімдігі мен БТА банкінің қаржысын талан-таражға салып, 6 миллиард доллардан астам ақшаның ізін жасырып үлгерген. Храпуновтың ұлы Ілияс та осы афераның бел ортасында тұр.
Америкалық тараптың мәліметінше, алаяқтық желі әу баста-ақ ең мықты деген маманның өзін шатастыратын схема негізінде құрылған. Тергеу барысында жалған келісімдер мен құжаттар, жалған несие шарттары, жалған қарызды кешіру секілді түрлі манипуляция әшкереленген.
Істің айрықша деталі, сотталғандар арасында Доналд Трамппен іскерлік байланыста болған, ресейлік-америкалық кәсіпкер Феликс Сатер бар.
Сатер сот процесінде Әблязов пен Ілияс Храпуновтың Қазақстаннан ұрланған қаражатты АҚШ-қа бағыттауына белсенді атсалысқаны үшін айыпты деп танылды. Құдалардың капиталы АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығына бағытталып, Сәтер мен оның серіктестерінің есеп-шотына аударылған.
Былтыр осы іс бойынша АҚШ соты алғаш рет Алматы мен БТА банктің пайдасына 32 миллион доллар өндірген еді. Екінші сот талқылауында қорғаушылар аргументті нығайтып, нәтижесінде өтемақы көлемі 100 млн-ға жетіп жығылды.
«Сотқа Алматы әкімдігі мен БТА банкінің өкілдерін қатыстырып, мәселенің астарында қарапайым тұрғындар мен банк салымшыларының мүддесі жатқанын көрсеттік. Храпунов Алматыны басқарған кезіндегі бірақ былығын судьяның үстеліне қойдық. Құдалар ұйымдастырған схеманың заңсыз екенін халықаралық деңгейде дәлелдедік», — дейді Boies Schiller Flexner компаниясының адвокаттары.
Компанияның айтуынша, осыдан кейін Әблязов пен Храпуновтың басқа елдердегі активтерін іздестіру ісі қарқын алады. Cот шешімінің шеңберінде қаржы негізінен Сатерден және онымен тікелей байланысы бар компаниялардан өндірілмек.
Соттың қаулысы міндетті түрде орындалатын болса, Алматы әкімдігі мен БТА банкі АҚШ-та айналымға түскен (100 млн доллар) ірі көлемдегі қаражатын қайтарады. Халықаралық тәжірибеде мұндай істе ақшаны өндіру процесі уақыт жағынан созылып кетуі де ғажап емес.