Тимур Құлыбаев мұнай саласынан түбегейлі кетуге бел буған сыңайлы. «Күйеубаланың» қолындағы ең табысты актив «Каспий мұнай» компаниясы батыстық инвесторға өтетін болды деп хабарлайды Ertenmedia Energy Monitor басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы компания Қазақстан қор биржасына (KASE) ресми хабарлама жіберген.
Ақпарат бойынша, мәміле жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сатып алушы Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан батыстық инвестор.
Бұдан бөлек, «Алмэкс Плюс» компаниясына тиесілі «Аңсаған» кенішінің игеру құқығын сату мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Жылына 1 млн тонна мұнай өндіріп келген «Каспий мұнай» бюджетке төлеген салығы бойынша ең тиімді кәсіпорындардың бірі еді. Оның алдында тек Теңізшевройл (ТШО) мен Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (КПО) тұр. Бірақ аталған екі компания да мұнайдың басым бөлігін ішкі нарыққа жеткізбейді.
«Айранкөл» кенішінде қазір өндіру көлемі құлдырай бастаған, кеніш өзінің үшінші сатысына өтіп, ресурстары сарқылуға жақын тұр. Бұған дейін сарапшылар дәл қазір компанияны сату ең ұтымды шешім екенін ескерткен болатын.
Мәміле Құлыбаевтың мұнай-газ саласындағы дәуірін ресми түрде аяқтайтын символикалық қадам.
Сарапшылардың пайымынша, Құлыбаевтың қадамы Ақорданың жаңа экономикалық ойын тәртібін үнсіз мойындауы һәм саяси сахнадағы өзгерген ахуалға бейімделу әрекеті.
Құлыбаев қолындағы өзге компаниялар («Алмэкс Плюс», «Кристалл менеджмент») үмітті ақтамай, керісінше шығын көзіне айналған еді.
Мәміленің түпкі сомасы әзірге белгісіз. Бұған дейін компания Қазақстан қор биржасына жіберген құжатында «Каспий мұнай» үлесінің бір бөлігін немесе толық сатуға қатысты келісім жасалатынын хабарлаған болатын.