Тимур Құлыбаевтың Қазақстан мұнайындағы ұзақ жылғы үстемдігі аяқталар күн таяған сыңайлы, деп хабарлайды Ertenmedia.
KASE алаңында жарияланған соңғы мәліметке сенсек, Құлыбаевқа тиесілі «Каспий мұнай» компаниясын сату туралы келісім дайындалуда. Әзірге сатып алушының есімі құпия. Бірақ саланың ең ықпалды тұлғаларының бірі өз активтерін саудалай бастауы нарықта үлкен өзгерістің басталғанын аңғартады.
Сарапшылар мұны Құлыбаевтың мұнай саласынан біржолата кетуінің бастамасы деп бағалап отыр.
Активтердің жаңа иесі ретінде халықаралық ірі инвесторлардың келуі әбден ықтимал. Себебі, Қазақстан билігінің жаңа экономикалық ұстанымы сырттан келетін капиталға жол ашып берген.
Екінші жағынан активтер Ақорда мақұлдаған жергілікті, бірақ көпшілікке беймәлім құрылымдарға да өтуі мүмкін деген болжам бар.
Құлыбаевтың негізгі үш компаниясы «Каспий мұнай», «Алмэкс Плюс» және «Кристалл менеджмент». Бұлардың арасында табыстысы тек «Каспий мұнай».
Сарапшы Абзал Нарымбетовтың мәліметінше, аталған компания жылына шамамен миллион тонна мұнай өндіріп, таза табысы 40 млрд теңгені құрап отыр.
Ал қалған екеуінің ахуалы аса жақсы емес. «Алмэкс Плюс» Атыраудағы Аңсаған кенішіне жүздеген миллион доллар салғанымен, мұнай мен газ қоры тым аз болып шықты. Бұрғыланған әр ұңғыманың шығыны шамамен 50 млн долларды құраған. Қаржының жуық арада қайтарылуы күмәнді.
Қызылордадағы Сұлұтабан кенішін игеріп жатқан «Кристалл менеджменттің» де жағдайы осыған ұқсас. Компания өндіріс көлемін ұлғайта алмай отыр. Бір жылдағы өндіріс көлемі небәрі 10 мың тонна мұнаймен шектелген. Сондықтан екі компания да тиімді актив қатарына жатпайды.
Сарапшылардың пікіріне сенсек, Құлыбаевтың сатуға шығара алатын жалғыз тартымды активі «Каспий мұнай». Бірақ соңғы кездері кен орнының қоры сарқылып, мұнай өндіру көлемі төмендей бастаған. Бұл дерек рас болса, компанияны тиімді бағаға сату қиынға соғады.
Соған қарағанда «күйеубала» болашақта өзіне балласт болатын активтен ертерек құтылуды дұрыс деп тапқан сыңайлы.