Премьер-министр Олжас Бектенов су тапшылығы мәселесіне байланысты шаруаларға қатаң талап қойды. Оның айтуынша, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтпаған шаруаға су мүлдем берілмейді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Үкімет отырысында премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне бекітілген лимиттен артық бір тамшы су бермеуді тапсырды.
«Егер шаруашылыққа 100 гектар алқапқа ғана су бөлінген болса, ертең 101 гектар егетіндер бір тамшы су алмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткішті бұзатын болса, бюджеттен бір тиын да өтелмейді. Осыны қазірден ашық ескерту қажет», – деді Бектенов.
Сонымен қатар ол аймақ әкімдері мен жауапты мемлекеттік органдарға егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша берілген индикаторлардың қатаң сақталуын тапсырды.
Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев та келер жылы Қазақстанда судың өте тапшы болатынын айтты.
«2026 жылғы вегетациялық кезеңде су көлемі бар болғаны 1–1,5 млрд текше метр деңгейінде ғана болады. Бұл қажетті мөлшерден 1 миллиард текше метрге кем. Биылғы жылы бірқатар өңірде суды көп тұтынатын дақылдарды қысқарту жоспары орындалмаған», – деді ол.
Бозымбаевтың айтуынша, еліміздің оңтүстік аймақтарында су тапшылығы бірнеше жылдан бері жалғасуда. Мысалы, Шардара су қоймасына құйылатын су көлемі 43%-ға азайған. Нарын-Сырдария каскады қоймаларындағы су қоры былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кеміп кеткен. Осыған байланысты Қазақстанда су ресурстарын пайдалануға қатысты қатаң шара енгізілмек.
Саясаттанушы Талғат Қалиев пікірінше қазіргі Үкімет аласапыран, алмағайып уақытта билікке келген. Оларға оңай емес. Бір жағынан, бұған дейінгі үкіметтің кем-кетігін түзеу міндеті тұрса, енді бір жағынан геосаяси сын-қатер алқымнан алуда. Президент Тоқаев та министрлер кабинетінен тың идея күтетінін, экономикалық блоктың ескі шаблоннан шыға алмай, инерциямен жұмыс істейтінін сынға алып жүр.
«Бектенов өзіне дейінгі премьерлер жіберген қателіктің салдарымен күресуге көп күш жұмсады.
Олжастың тұсында Қазақстанның екі ірі серіктесі Ресей мен Батыстың арасы мүлдем нашарлап кетті. Қазіргі үкімет дүлей дауыл жағдайында жұмыс істеуде.
Бұған елдегі стратегиялық инфрақұрылымның тозуы қосылып, жағдайды тіпті ушықтырып отыр. Жылу-электр орталықтары мен басқа да маңызды нысанда жиі-жиі апат болуы бұған дейінгі премьерлердің осы мәселеге немқұрайлы қарауының салдары», — деген болатын Қалиев.
Айтуынша, осыған дейін үкімет жетекшілері (Смайылов, Мәсімов, Сағынтаев, Мәмин…) молшылық жылдарында инфрақұрылымды жаңартудың орнына, ақшаны мүлде басқа бағытқа жұмсап жіберген.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

