Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар« агенттігіне берген сұхбатында Илон Масктың «Азаттық радиосын» жабу туралы ұсынысына пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Жапаровтың сөзінше, «Азаттыққа» 20-30 жыл бұрын ел сенетін, бірақ қазір жұртшылық жаңалықтарды талдап, бәріне бірдей сенбеуді үйренген. Сондай-ақ, ол «Азаттық» фейк ақпарат жарияласа, тек «кешірім» сұрайтынын айтты. Ал егер сотқа шағым түссе, «сөз бостандығы жоқ!» деген мәлімдемелер жасайтынын жеткізді.
«Дұрыс емес ақпаратты тарату немесе жаңалықтарды манипуляция ретінде қолдану сөз бостандығы ма? Мұны сөз бостандығымен немесе адам құқықтарымен шатастырудың қажеті жоқ. Сондықтан Трамп пен Масктың шешімдерін қолдау керек», — деді ол.
Қырғызстандағы «Азаттықтың» өкілдігі журналистерге мемлекеттік қызметкерлер туралы ақпараттары үшін қысым жасалғанын бірнеше рет жазды. Ал 2024 жылы Құрылтайда Жапаров «Азаттық» пен басқа да БАҚ-тарға америкалықтар демеушілік көрсетіп отырғанын мәлімдеді.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Дональд Трамп пен Илон Маск «аспаннан ақша жаумайтынын« жақсы түсінетін миллиардерлер екенін де айтты.
«Олар америкалықтардың ақшасын ысырап етуді қойғысы келеді және дұрыс жасап отыр. Қазір ХХІ ғасыр. Кез келген ақпарат бүкіл әлем бойынша бес минут ішінде тарап кетеді. 20-30 жыл бұрын «Азаттықты» бәрі тыңдап, соған сенді, өйткені интернет пен смартфондар болмады. Қазір адамдар «Азаттық» жаңалықтарын қажет етпейді», — деді ол.
Бұған дейін Маск не деді?
Илон Маск АҚШ қаржыландыратын «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиостанцияларын жабуды ұсынды.
«Иә, жабыңыздар. Оларды енді ешкім тыңдамайды. Бұл – тек өзара сөйлесіп, салық төлеушілердің ақшасынан жылына $1 млрд ысырап ететін радикалды солшылдар».