Қытайдың ірі цемент өндіруші компаниясы Sinoma Cement Қазақстанда алғашқы ірі зауытын іске қоспақ деп хабарлайды Ertenmedia.
Кәсіпорын Ақтөбе облысының Байғанин ауданында салынады. Жобаға Қазақстан тарапынан Pimus Capital инвестициялық компаниясы серіктес болып отыр.
Жалпы құны 200 миллион долларды құрайтын зауыт тәулігіне 3500 тонна цемент шығарады деп жоспарланған.
Кәсіпорынның іске қосылуы 2027 жылдың екінші жартысына белгіленген. Жоба нәтижесінде өңірде 1260 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа зауыттың салынуы Қазақстанның батыс аймағындағы құрылыс нарығының қажеттілігін қамтамасыз етіп, елді Ресей мен Ираннан импортталатын цементке тәуелділіктен құтқарады деп күтілуде.
Қазіргі таңда компания зауыт салынатын аймақта геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтады. Шикізаттың сапасы мен қоры толық расталып, инвестициялық келісімге қол қойылды.
Sinoma Cement үшін бұл Орта Азиядағы алғашқы ауқымды жоба болмақ. Қытай компаниясы алдағы уақытта Қазақстанда тағы да бірнеше ірі жобаға инвестиция салуды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Ertenmedia анықтамасы: Sinoma Cement Қытайдың мемлекеттік China National Building Material Group (CNBM) құрамына кіретін ірі компания. CNBM – әлемдегі ең ірі құрылыс материалдары өндірушілерінің бірі . Sinoma Cement-тің әлем бойынша цемент өндірісінің қуаттылығы 25 миллион тоннаға жетеді.