Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф 16 ақпанда америкалық делегация Ресей өкілдерімен келіссөздер өткізу үшін Сауд Арабиясына барғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia ресейлік БАҚ-қа сілтеп.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес маңызды кездесулер ұйымдастырамыз. Ресей мен Украина мәселесіне қатысты оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз», — деген Уиткофф.
Сондай-ақ ол Украина бұл келіссөздердің бір бөлігі екенін атап өтті. «Украина келіссөздерге қатыспайды деген пікірмен келіспеймін. Олар да процестің бір бөлігі», — деді Уиткофф. Сонымен қатар, ол Дональд Трамптың Владимир Зеленскийге қоңырау шалғанын еске салды.
16 ақпанда Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко Facebook желісінде Украина үкіметтік делегациясының Сауд Арабиясында жұмысқа кіріскенін және президент Владимир Зеленскийдің корольдікке сапарға дайындалып жатқанын хабарлады.
«Украина делегациясы Сауд Арабиясына сапарын жүзге жуық жергілікті кәсіпкермен кездесуден бастады. Алдағы күндері түрлі кездесулер ұйымдастырып, сапарға дайындықты күшейтеміз», — делінген хабарламада.
Украина тарапы бұл сапар аясында энергетика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларындағы әріптестік пен инвестициялық жобаларды талқылауды жоспарлап отыр.
14 ақпанда Зеленский алдағы күндері Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына және Түркияға сапарлайтынын мәлімдеген болатын. 16 ақпанда Украина президенті жұбайымен бірге БАӘ-ге аттанды.
«Коммерсант» басылымының деректеріне сәйкес, Ресей мен АҚШ арасындағы Украина бойынша келіссөздер 18 ақпанда Эр-Риядта өтеді. АҚШ тарапынан Мемлекеттік департамент басшысы Марк Рубио, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф қатыспақ.
Алайда Washington Post деректері бойынша Зеленский мен оның кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыспайды.
«Зеленский мен оның бас көмекшісі Андрей Ермак бұл кездесуге бармайды», — деп хабарлады басылым.
CNN телеарнасы да Украина тарапы келіссөздерге қатыспайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та үш тарап Сауд Арабиясында келіссөздер жүргізетіні туралы ақпарат тараған болатын.
Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайға пікір білдіріп, еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығының ең басты құндылық екенін атап өтті.