Астанада өтіп жатқан ҰҚШҰ-ның кезекті саммитінде Владимир Путин Украинадағы соғыс пен Ресей әскерінің мақсаты туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресей басшысы ҰҚШҰ елдерінің басшылары алдында Украина аумағындағы жағдайды баяндап, өз әскерінің майдан даласындағы іс-қимылдары мен қару-жарағы туралы есеп берген.
Путиннің сөзінше, Ресей жауынгерлері өздерінің қандай мақсат үшін соғысып, не үшін қан төгіп жатқанын жақсы түсінеді.
«Біздің әскерилер өз миссиясының мәнін толық біледі. Бұрын тарихымызда бірнеше рет болғандай, қазіргі ұрпақтың мойнына Ресейді жойғысы келгендердің жолына тосқауыл болу міндеті тағы бір мәрте жүктелді. Сондықтан біздің сарбаздар Отан үшін, елдің және ұрпағының болашағы үшін күресіп жатыр. Осы себептен Украинаға тіпті ең озық қару-жарақ жеткізілсе де, бұл майдан даласындағы ахуалды өзгерте алмайды», – деді Владимир Путин.
Ресей басшысы сонымен бірге әскер құрамында түрлі ұлт пен түрлі дін өкілдері қатар соғысып жүргенін де атап өтті.
«Біреуі крест ұстап, дұға жасаса, біреуі Аллаға сыйынады, бірақ бәрінің мақсаты ортақ, алға бірге жылжиды. Оларды тоқтату мүмкін емес», – деді ол.
Сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары 2025 жылдың 9 мамырында Мәскеуде өтетін Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арнайы шақырылды. Осы мерейтой аясында ұйымға мүше мемлекеттердің әскерлері Ресей әскерилерімен бірге Қызыл алаңдағы парадқа қатысуы мүмкін.

