Назарбаев өзінің өткен жылы жарық көрген мемуарында Путинді «сөз бен істің адамы» деп сипаттағаны ErtenMedia-ның есінде қалыпты.
«Менің өмірім» деген атпен жарық көрген ғұмырнамалық еңбегінде экс-елбасы Кремль көсеміне «Көшбасшы» деп аталатын тұтас бір тарау арнаған еді.
ErtenMedia осы тараудағы Путиннің мақтауын асырған бірқатар цитаталарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.
Назарбаевтың пайымдауынша:
«Путин шаршаған, қажыған елді тығырықтан алып шықты. Ең бастысы, Владимир Владимирович Ресейдегі құрдымға кеткендей көрінген патриотизмді қайта тірілтті».
«Бір кездегі алпауыт ел әлемдік саясат сахнасына қайта оралды, ендігіде онымен санаспау мүмкін емес және оны мойындамау мүмкін емес. Бұдан былай Ресейдің беделі артқан үстіне арта түседі».
«Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жаңа әрі сапалы кезеңі Кремльге Владимир Путиннің келуімен басталды. Путин елде толық тәртіп орнатты, биліктің беделін бұрын-соңды болмаған деңгейде нығайтты. Ол өз Отанын қайтадан әлемдік державаға айналдырды. Ол – сөздің де, істің де адамы».
«Путиннің президенттік кезеңі Ресейдегі айрықша, ерекше дәуір ретінде тарихқа енеріне ешкім күмән келтірмейді. Мұны оның қарсыластары да бірауыздан мойындайды».
«Путинге ел-жұрттың әңгімесіне алаңдап, жан-жағына жалтақтау тән емес. Ол өз елі үшін қажетті нәрсенің бәрін жасайды».
«Ол (Путин) посткеңестік кеңістіктегі менің барлық интеграциялық бастамаларымды үнемі қолдады».
«Путин – уәдеге берік, сөзінде тұратын адам. Арамызда ешқашан түсініспеушілік немесе келіспеушілік болған емес. Ол әрдайым әріптестеріне берген уәделерін адал орындап келеді».
Бұдан бөлек, мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлеген.
Кітаптағы осы тармаққа назар аударған сарапшылар Назарбаев Кремль қожайынын мақтай отырып, өз позициясын бекемдегісі келетінін айтқан болатын.
Путинді «сөзге берік, ісіне мықты тұлға» деп дәріптеген Назарбаев күні кеше Мәскеуге сапар шегіп, Путиннің қабылдауында болды.
«Ново-Огаревте Владимир Путин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті» деп жазылды Кремльдің хабарламасында.
Түнеукүні «Ана тіліне» сұхбат берген президент Тоқаев мұндай кездесулердің әдетте Назарбаевтың бастамасымен өтетінін алға тартқан және Путинмен кездесу Назарбаев үшін маңызы зор екенін атап өткен.
– Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар, – деген болатын Тоқаев Назарбаевтың Мәскеуге сапарлары жайлы.
Тоқаев осы сұхбатында Назарбаевтың президенттіктен кетсе де билікке жиі араласқанын ашық айтқанн. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болған.
– Ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Үнемі премьер-министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін… Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады, – деді ол.
Назарбаевтың мемуары жарық көре сала, әлемжеліде: «Тоқаев кітап жазар болса, дәл осылай Путиннің мақтауын асырар ма еді?» деген сауалдың төңірегінде пікірталас өрбіген.
Сарапшылардың пікірінше, Тоқаев кітап жазған жағдайда Кремль көсемін дәл осындай эмоциялық сипатта дәріптемес еді.
«Тоқаев прагматик. Ол Ресеймен қарым-қатынастың нақты жетістіктерін ғана айтып, өзін объективті көшбасшы ретінде көрсетер еді. Бұл ретте Тоқаевтың мемуарлары, егер жазылса, саяси романтикадан гөрі, салқынқанды стратегиялық есепке толы болады деп күтуге болады», — деген болатын ErtenMedia-ға пікір білдірген саяси шолушы Нұрлан Жұмахан.