Ресейде тағы бір жоғары шенді генерал, бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгудың бірінші орынбасары Руслан Цаликов тұтқындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Цаликовқа бюджет қаржысын жымқыру мен пара алуға байланысты барлығы 14 қылмыстық эпизод бойынша айып тағылып отыр. Атап айтқанда, генерал 12 рет мемлекет қаржысын талан-таражға салып, заңсыз табыс тапқан және 2 рет ірі көлемде пара алған деген күдік бар.
Тұтқындаудың басты себебі Қорғанминнің тағы бір орынбасары Тимур Ивановқа қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланыстырылып отыр. Бір жыл бұрын Цаликов дәл сол Ивановқа қарсы куәлік еткен болатын.
Ивановтың өзі 1,185 миллиард рубль пара алды және 4 миллиард рубльден астам қаржыны банк арқылы жымқырды деген айыппен қамауда отыр.
Руслан Цаликов 1994 жылдан бастап 2012 жылға дейін Сергей Шойгудың жанында Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет еткен. Кейін Қорғаныс министрлігіне ауысып, қаржылық бақылау, сот-құқық және ақпараттық саясат бойынша жауапты болды. Шойгу қызметтен кеткен соң, Цаликов та лауазымынан босатылды.
Mash Telegram-каналының хабарлауынша, генералдың туыстары жаңалықты БАҚ-тан естіген. Олар күні бойы Цаликовпен және оның әйелімен байланысқа шыға алмаған.
Контекст
2024 жылдан бері Ресей қорғаныс министрлігінде ауқымды тазарту науқаны басталған еді. БАҚ мұны «генералқырылған» деп атап кеткен. Қазіргі қорғаныс министрі Андрей Белоусов тағайындалғаннан кейін басталған науқан барысында 10-ға жуық генерал қамауға алынды. Олардың ішінде төрт бұрынғы министр орынбасары, армияның бұрынғы бас қолбасшысы, Бас штаб басшысының орынбасары мен Қорғаныс министрлігінің кадрлар жөніндегі бас басқармасының басшысы бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







