Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкин Батыстың санкциясы екі ел арасындағы әріптестікке кері әсер етпейді деп мәлімдеді.
Бұл туралы Ertenmedia хабарлайды.
Дипломаттың сөзінше, кейінгі жылдары Ресей мен Қазақстан экономикалық, сауда-саяси байланысты нығайтып, ірі жобаларды бірге іске асырып жатыр.
«Қазір қос мемлекет үшін ең маңызды бағыт Еуразиядағы көлік-логистика саласы. Әсіресе «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуға үлкен мән беріп отырмз. Осы дәліз арқылы Ресей, Қазақстан, Түркіменстан мен Иранның көлік жолы Парсы шығанағына шығады. Сонымен қатар бұл маршрут Өзбекстан, Ауғанстан мен Пәкістан аумағын қамтып, жүк және жолаушылар тасымалын жолға қоюға мүмкіндік береді. Санкцияның салқыны бұл бастамаларды тоқтата алмайды», – дейді Бородавкин.
Сондай-ақ елші Қазақстан мен Ресей бірігіп, Байқоңырдағы «Бәйтерек» кешенін дамытып жатқанына да тоқталды.
«Жоба екі елдің ғарыш саласындағы ортақ мақсатының көрінісі. Алдағы желтоқсан айында осы кешеннен ресейлік «Союз-5» зымыраны ұшырылады», – деді ол.
Бородавкиннің айтуынша, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салуда көшбасшы елдің бірі.
«Қазір Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Ресейден Қазақстанға салынған жиынтық инвестиция көлемі шамамен 56 миллиард долларға жеткен. Ал екі ел арасындағы есеп айырысу көбіне ұлттық валютада жүргізіледі, бұл көрсеткіш 90 пайызға жақындады», – деді Ресей дипломаты.
Сонымен бірге Бородавкин екі елдің халықаралық ұйымдардағы ұстанымы көбіне бір-бірімен үндес екенін атап өтті.
«Біздің тарих жеңіс пен жеңіліс, даму мен тоқырау кезеңіне толы. Еліміз руханият, ғылым, техника, өнер мен экономикада әлемдік деңгейдегі биік белесті бағындырды. Ресей тек орыс емес, көптеген халықтардың ортақ мекені. Қанша сынақтан өтсе де, Ресей жасыған жоқ, қателіктен сабақ алып, одан сайын қуатты, айбынды бола түсті. Бүгін біз мұның куәсі болып отырмыз. Президент Тоқаевтың шетелдік көшбасшылармен кездесуде «Ресей әскери тұрғыда жеңілмейді» деп ерекше атап өткені тегін емес», – деді дипломат.
Бородавкин соңғы уақытта жиі талқыға түсіп жүрген орыс тілінің жағдайына қатысты пікір білдіріп, «Қазақстанда орыс тіліне қатысты оң көзқарас сақталған, билік орыс тіліне қолдау көрсетіп келеді» деп түйіндеді.