Қытай соңғы 30 жыл ішінде Орта Азияға экономикалық қана емес, геосаяси ықпалын да күшейтіп үлгерді. Бейжіңнің инвестициясы аймақ елдерінің теміржолы мен мұнай кенішінен бастап, қала мен өндіріс ошағына дейін жетті.
Бүгінде аймақ Бейжің үшін қауіпсіздік буфері әрі стратегиялық алаңға айналған. Бірақ жергілікті халықтың бұған деген реакциясы әркелкі. Қытайға қарсы көңіл-күй, әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанда жиі байқалады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әмірикалық сарапшылар Бредли Жардин мен Едвард Лемон «Backlash: Қытайдың Орталық Азиядағы ықпал үшін күресі» атты еңбегінде осы құбылысты егжей-тегжейлі зерттеген.
Олар соңғы он жылдағы аймақ тұрғындарының Бейжіңге қарсы наразығы көбінесе нақты жер учаскелері, жұмысшылар құқығы немесе экологиялық мәселеден туындағанын анықтап отыр.
Жалпы алғанда, 2010 жылдан бері Қытайға қарсы өткен 191 наразылық шарасының 92 пайызы Қазақстан мен Қырғызстанда болған. Мұның өзі аталған екі елде халықтың Қытай жобаларына деген күдігі мен сақтығы басым екенін көрсетеді.
Авторлардың айтуынша, Бейжің аймаққа ықпал ету жолында «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және С+С5 саммиті секілді институционалды механизмдерді тиімді пайдалануда. Қытайдың стратегиясы Орта Азиядағы авторитарлы биліктің мүддесіне бейімделген.
Бейжің аймақтағы элиталармен терең байланыс орнатып, олардың «егемендік», «тұрақтылық» және «ішкі іске араласпау» қағидаларын ұтымды қолданып келеді. Осы тәсіл Батыстың демократиялық талаптарына қарағанда жергілікті билікке тиімді болып тұр.
Экономикалық тұрғыда Қытайдың инвестициясы толықтай коммерциялық емес, оның артында саяси мақсат-мүдде жатыр.
Мәселен, 2020 жылға қарай Қырғызстанның сыртқы қарызының 45 пайызы, Тәжікстанның сыртқы қарызының жартысынан астамы Қытайға тиесілі болды. Түрікменстан экспортының 75 пайызы Қытайға жіберіледі.
Бұл елдердің Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелді болуы Бейжіңнің саяси ықпалын күшейте түседі.
Соған қарамастан, Орта Азия мемлекеттері пассивті емес. Аймақ елдері Қытайдың ықпалын басқа елдермен байланыс орнату арқылы теңгеруге тырысып жатыр. АҚШ, Еуропа, Түркия және Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты нығайту осы көпвекторлы саясаттың көрінісі.
Алайда, сарапшылар пікірінше, Қытайдың қаржылық және географиялық артықшылығы оны бәсекелестерден басып қылып тұр.
Ресейдің Украинадағы соғысы да аймақтағы геосаяси жағдайды өзгертті.
Кремльдің ықпалы әлсіреп, оның орнын Қытай толтыруда. Сарапшылар пікірінше, Қытай Ресейдің қателігін қайталамауға тырысып жатыр. Ол аймақтағы әскери қатысуды арттырмай, элиталар арқылы ықпалын күшейтіп, экономикалық күшін саяси ықпалға айналдырып келеді.
Бұған дәлел Ресейсіз өткен «Қытай – Орталық Азия» форматындағы саммиттердің жиілеуі.
Дегенмен, Қытайға қарсы наразылықтар жергілікті билікті де, Бейжіңді де белгілі бір деңгейде шегінуге мәжбүрлейді. Халықтың талаптары мен наразылығы Бейжіңді жергілікті халықпен жұмыс істеуге, жоба ашықтығын арттыруға мәжбүр етіп отыр. Бірақ мұның барлығы аймақтағы билік мен Қытайдың арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты бұза алмайды.
Қытайдың аймақты ықпалы қарсылық пен ынтымақтастықтың арасында теңселіп тұр. Әзірге тепе-теңдік сақталып тұрса да, болашақта оның қай бағытқа ауып кетері белгісіз. Бір анығы Орта Азия Қытай үшін ендігіде ешқашан «шеткері аймақ» болмайды.
Материал timesca.com порталының мәліметі негізінде әзірленді.