Новосібір мемлекеттік университетінің (НГУ) Қазақстанда ашылуы жоспарланған филиалы әзірге тоқтап тұр. Университет ректоры Михаил Федоруктың айтуынша, жобаны іске асыруды кейінге қалдыруға қазақстандық тараптың өзі өтініш білдірген деп хабарлайды Ertenmedia.
«Біз бұл бастамадан бас тартпаймыз. Қазақстандағы филиалдың негізгі бастамашылары осы елден шыққан түлектеріміз. Алайда қазіргі уақытта жоба қазақстандық тараптың өтініші бойынша уақытша тоқтатылды», – деді Федорук.
Жоспар бойынша филиал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылуы тиіс болатын. Ресейлік университет бакалавриат, магистратура бойынша 20-дан астам мамандықты ұсынбақшы еді.
Оның ішінде мұнай өндіру және кен орындарындағы геофизика, Deep Robotics, жүйелік бағдарламалау, сондай-ақ мұнай-газ жүйелерін модельдеу, биоақпараттық жүйелерді талдау, ғарыштық және арнайы құрылғылар өндірісі, ядролық медицина секілді Қазақстан экономикасына қажетті мамандықтар бар.
Ректор Федоруктың айтуынша, алғашқы қабылдауға шамамен 60-70 студент қатысады деп жоспарланған.
Филиал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, сондай-ақ университеттің қазақстандық түлектерінің бірімен бірлесіп ашылады деп күтілген болатын.
Дегенмен бұл жоспардың не себепті тоқтатылғаны туралы ҚазҰУ басшылығы әзірге анық-қанық түсініктеме берген жоқ.