25 қазан – Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жергілікті бюджеттен біржолғы әлеуметтік көмек үлестіріледі. Аймақтағы 34 мыңнан астам тұрғынды қолдау үшін қазынадан 426 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қызылордадағы төлем: 34 мың адамға 13 мың теңгеден
Облыстық әкімдіктің шешіміне сәйкес, бұл қаражат аймақта тұратын барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға және 18 жасқа дейінгі ерекше балаларға беріледі. Төлем мөлшері 3 айлық есептік көрсеткішті, яғни 12 975 теңгені құрайды.
Жалпы өңір бойынша 34 120 адам қаржылай қолдаумен қамтылады. Мұндай тәжірибе облыста өткен жылдан бері дәстүрге айналып келеді және алдағы 2027 жылдың бюджетінде де осы мақсатқа 485 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Өңірлердегі ала-құлалық: 112 мың теңгеден нөлге дейін
Дегенмен республиканың өзге облыстарымен салыстырғанда мерекелік төлемдердің көлемі мен берілу тәртібінде үлкен алшақтық бар. Еліміздің бір аймағында тұратын азамат қомақты қаржы алса, көрші облыстағы мұқтаж жандарға бір тиын да бұйырмайды.
Ақтөбеде бір отбасы 112 мың теңге алғанда, Қызылордада 13 мың теңге беріледі, ал өзге өңірлер құр алақан қалады.
Ақтөбе облысы: мүгедектігі бар ересектерге 13 АЕК (56 225 теңге), ал ерекше балаларға 26 АЕК (112 450 теңге) мөлшерінде рекордтық көмек тағайындады;
Атырау облысы: I, II және III топтағы 23 мыңға жуық ересек азаматтың әрқайсысына 20 АЕК (86 500 теңге) береді, алайда балалар тізімге енбеген;
Павлодар және Ұлытау облыстары: 20–21 мың теңге көлемінде төлем жасауды бекіткен;
Алматы қаласы, Шымкент, Қарағанды және Жамбыл облыстары: Республика күніне арналған ешқандай арнайы төлем қарастырмаған.
Нәтижесінде, бір ғана мерекеге орай Ақтөбедегі отбасы 112 мың теңге алғанда, Қызылордадағы азамат 13 мың теңгені қанағат тұтады, ал өзге бірқатар облыстың тұрғындары құр алақан қалады.
Әкімдіктердің көңіл-күйіне байланған жүйе
Мұндай әділетсіздіктің басты себебі – біржолғы әлеуметтік көмектердің орталықтан емес, жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктердің құзырымен реттелуінде. Заң бойынша әрбір өңір өз бюджетінің мүмкіндігіне қарай шешім шығарады.
Донор саналатын немесе мұнайлы бай өңірлер мереке сайын миллиондаған теңгені еркін бөле алады. Ал бюджеті дотацияға тәуелді, әлеуметтік шығындары көп облыстарда басшылықтың мұндай қосымша көмекке шамасы жете бермейді немесе әкімдер қаражатты басқа бағыттарға жұмсауды жөн санайды. Соның салдарынан мұқтаж азаматтардың мемлекеттен алатын қамқорлығы тұратын географиясына тікелей байлануда.
Біртұтас елдегі ортақ стандарт қажет
Мүгедектігі бар жандардың дәрі-дәрмегі, арнайы тағамы мен емделу шығындары Қызылорда мен Жамбылда Атырау мен Ақтөбеден арзан тұрмайды. Азаматтар бір мемлекеттің шекарасында өмір сүріп, бір Конституцияға бағынғандықтан, ұлттық мерекелерде көрсетілетін қамқорлық та бәріне ортақ болуы тиіс.
Мемлекеттік маңызды мейрамдарда берілетін көмекке бірыңғай республикалық стандарт енгізу қажет.
Мемлекеттік деңгейдегі маңызды мейрамдарда берілетін қолдауды әкімдердің ыңғайына қалдырмай, Бірыңғай республикалық стандарт енгізу қажет. Барлық өңірге ортақ базалық мөлшерлеме бекітіліп, қажет болса дотациялық аймақтарға орталық бюджеттен арнайы трансферттер қарастырылуы керек. Сонда ғана әлеуметтік әділеттілік орнап, қоғамда туындаған аймақтық теңсіздік пен реніш сейіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







