Республика күніне орай Жетісу облысында 25 жаңа нысан қолданысқа берілді. Солардың ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қызмет көрсету салаларының объектілері, сонымен қатар саябақ, сквер, балалар ойын алаңы, аула алаңдары сияқты абаттандыру нысандары да бар, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекеге орай ашылған жаңа нысандардың бірі – Қаратал ауданы Алмалы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл ғимаратты салу туралы бастама осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің аталған аудандағы шалғай ауылдарға барған жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесуінен кейін қолға алынған болатын.
Сол жүздесуде Алмалы ауылының тұрғындары жастардың спортпен айналысуына қолайлы орталық салуды сұраған еді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені есігін айқара ашты.

Бұл спорт орталығында балалар волейбол, күрес, үстел теннисі, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерімен айналысады деп жоспарланып отыр. Қазіргі кезде спорт кешеніне жаттықтырушылар қабылдануда. Ауылда мұндай жаңа нысанның ашылғанына балалар да дән риза.
– Маған волейбол ойнаған ұнайды. Бұрын тек мектептің спорт залында ғана ойнауға мүмкіндік бар еді. Түрлі спорт үйірмелері ашылса, спортпен еркін айналыссақ деген арманымыз болған. Енді арнайы спорт кешенінде жаттыға аламыз. Жаңа орталықта волейболмен қатар басқа да ойын түрлерін меңгергіміз келеді, – дейді Алмалыдағы Абай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ұлықбек Қосымхан.

Сондай-ақ осы күні Панфилов ауданының Әулиеағаш ауылында күрделі жөндеуден өткен 624 орындық мектеп, ал Үлкеншыған ауылында жекеменшік жаңа балабақша пайдалануға берілді.
1984 жылдан бері жөндеу көрмеген Әулиеағаштағы 3 қабатты білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімінен бұрын аяқталды. Қазір жаңа ғимаратта 22 оқу кабинеті, соның ішінде қажетті құралдармен жабдықталған жаңа үлгідегі модификациялық химия, физика кабинеттері, 60 орынды акт залы, 110 орынды асхана, спорт залы, шеберхана, кітапхана толықтай жаңартылды. Бүгінде мұнда 461 оқушы білім алады.
– Бұрынғы мектебіміз тозып, ескірген болатын. Қазір кіреберісінен бастап ғимаратымыз түгелдей жаңарған, алғаш көргенде қатты қуандық. Осы мектепте бізге алаңсыз білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Алтын ұямыздағы соңғы жылымызда осындай жарқыраған заманауи мектепте білім алатынымызға ризамыз және бұл біздің алдағы болашағымызға берік сеніммен аяқ басуымыза үлкен әсерін тигізеді, – дейді 11 сынып оқушысы Айзере Жәнібекқызы.

Ал Үлкеншыған ауылындағы жаңа балабақшаны осы ауылдың тумасы, жас кәсіпкер Ерғали Тұрсынғалиұлы өз жеке қаражатына ашқан. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесі 120 орынға арналған. Қазір мұнда алты топқа балалар қабылданып, 20 жергілікті азамат тұрақты жұмысқа тұрды.

