2026 жылдан бастап Қазақстанда жүргізушілерге көлік нөмірін өз қалауымен таңдау құқығы беріледі. Алайда мұның да өз тәртібі мен бағасы бар деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа Салық кодексінің жобасына сәйкес, көлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдай алады. Әдеттегі нөмірді қалауыңыз бойынша рәсімдеудің ресми құны 10 АЕК. 2026-2028 жылдарға белгіленген 1 АЕК көлемі – 4325 теңге. Демек, еркін таңдалған стандартты нөмірдің бағасы 43 250 теңге.
Алайда, ел арасында кең тараған, ерекше сұранысқа ие «әдемі» және «беделді» нөмірлерге баға мүлдем бөлек.
Атап айтсақ:
- 010, 020, 030 секілді нөмірлер 57 АЕК (246 525 теңге), әріптері бірдей болса 114 АЕК (493 050 теңге);
- 100, 111, 200, 222 секілді үш бірдей саннан құралған нөмірлер 137 АЕК (592 525 теңге), әріптері бірдей болса 194 АЕК (838 050 теңге);
- 001-009 аралығындағы ерекше сандар және 777 — 228 АЕК (985 800 теңге), әріптері бірдей болса 285 АЕК (1 232 625 теңге);
- Айнадай қайталанатын (121, 131 секілді) палиндром сандар 15 АЕК (64 875 теңге), әріптері бірдей болса 72 АЕК (311 400 теңге).
Ал көлікке кездейсоқ тәртіппен берілетін қарапайым мемлекеттік нөмірлердің құны 2,8 АЕК (12 110 теңге). Бір табличка үшін 1,4 АЕК (6055 теңге). Мотоциклдер мен тіркемелер үшін де осындай сома бекітілген.
Техпаспорт рәсімдеу үшін 1,25 АЕК (5406 теңге). Жүргізуші куәлігін қайта рәсімдеу де дәл осы мөлшерде төленеді.
Айта кетсек, бұған дейін президент Тоқаев жаңа Салық кодексін бекіткен болатын. Құжат қоғамда қызу талқыға түсіп, Сенат пен Мәжіліс арасында бірнеше рет кері қайтарылып, ақыры Мемлекет басшысына жолданған еді.
Жаңа кодекс бойынша ҚҚС 16%-ға өсіп, байлыққа салынатын салық пен прогрессивті салық жүйесі енгізілді.

