Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлерге қатысты ақпараттан кейін пікір білдірді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Мәжіліс дәлізінде журналистер Елемесовтен ҚМА блогерлерге қатысты қандай шаралар қабылдайтынын сұрады. Себебі бұған дейін олар кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткені туралы ақпарат тараған еді.
«Мен де бұл ақпаратты оқыдым. Өте ауқымды сома туралы айтылып жатыр. ҚМА экономикалық тергеу қызметінің құрамындағы құқық қорғау органы болып саналады. Біз тек уәкілетті орган – салық комитеті қажет тексеріс жүргізіп, тиісті акт немесе қорытынды шығарғаннан кейін қылмыстық іс қозғай аламыз. Сол кезде мемлекетке төленбеген салықтың нақты сомасы анықталады», – деп түсіндірді Елемесов.
Оның айтуынша, салық органдары тексерісі аяқтап, келтірілген залалдың нақты мөлшерін белгілемейінше ҚМА өздігінен қылмыстық іс бастай алмайды.
«Егер белгілі бір блогердің мемлекетке келтірген залал сомасы қылмыстық заңнамада көрсетілген шектен асып кетсе, қылмыстық іс қозғалады. Ал егер бұл мөлшер белгіленген межеден төмен болса, Мемлекеттік кірістер комитеті оларды әкімшілік жауапкершілікке тартады», – деді ол.
Бұған дейін қазақстандық блогерлерге салықты өтеу үшін бір ай мерзім берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен. Оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.